АКАДЕМИК МӘМБЕТ ҚОЙГЕЛДИЕВТІҢ ДӘРІСІ ӨТТІ

Абай университетінде Ғылым онкүндігі аясында көрнекті тарихшы-ғалым, ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдиевтің дәрісі өтті. «XX ғасырдың алғашқы ширегіндегі қаламгерлер шығармашылығы мен қызметіндегі мемлекеттік идеясы» тақырыбына арналған дәріске университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.

Мәмбет Қойгелдиев дәрісінде Алаш ұстанымы мен социалистік реализм бағытындағы қаламгерлердің шығармашылығын өзара салыстыра отырып, Мағжан Жұмабаев пен Жүсіпбек Аймауытовтың мемлекетшілдік ұстанымдарына тарихи тұрғыдан талдау жасады. Сондай-ақ ақын Мағжан Жұмабаевтың ресми жарық көрмеген, бірақ қолжазба күйінде тараған «Алқа. Табалдырық» атты бағдарламалық шығармасы туралы сөз қозғады. 1924 жылы жазылған туынды ақынның ұйымдастырмақ болған «Алқа» ұйымының идеялық платформасы әрі жаңаотаршылдыққа қарсы жазылған манифесі ретінде белгілі.

Дүниежүзілік тарих беттерінде ХХ ғасырдың басында Еуропа әдебиетшілері түрлі манифестер арқылы «өзгерістер уағында әдебиет қандай болуы керек?» деген сауалға жауап іздеген. Алайда, сол кезеңдегі Кеңес Одағы көлемінде әдебиеттің болашақ бағытын айқындап, бағдарламалық деңгейде манифест жазған тұлғалар кемде-кем. Мағжан осы шығармасында өтпелі замандағы қазақ әдебиетінің концептуалдық негізін қалап, қазақ қаламгерлері жалаң ұраншыл болмауға тиіс дегенді жеткізген.

Сонымен қатар, лекцияда Жүсіпбек Аймауытовқа телінетін «Тез өлмен» туындысы туралы тың деректер келтірілді. Архив құжаттарына сүйенсек, бұл өлеңді публицист абақтыда тергеуде жатқан кезінде жазған. Үш бөліктен тұратын, 20-жылдардағы дәстүрлі поэзия стиліндегі бұл шығармадан Аймауытовтың мемлекеттік идеялары мен қайтпас қайсар рухын көруге болады.

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Тілеп академик Мәмбет Қойгелдиевке мазмұнды дәрісі үшін алғыс білдірді. Ректор өз сөзінде студенттер үшін академиктен тікелей дәріс тыңдаудың құндылығы жоғары екенін және ғалымның ғылыми тұжырымдары жас зерттеушілер үшін бағдаршам болатынын атап өтті. Ал, Тарих және құқық факультетінің деканы Ғабит Кенжебаев «Тарих пен әдебиет – домбыраның қос ішегі сияқты, қашан да бірге жүреді» деп, екі саланың ұлт руханиятындағы сабақтастығына тоқталды. Жиынға арнайы келген тарихшы Ғизатулла Халидуллин де әріптесіне ризашылығын білдіріп, студенттерге кітаптарды сыйға тартты.

«Abai University» медиа орталығы