КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ ТҮСІНДІРІЛДІ


Абай университеті жанындағы Сорбонна-Қазақстан институтының оқу корпусында конституциялық реформаның негізгі басымдықтарын түсіндіруге арналған маңызды іс-шара өтті. Кездесу аясында «Қазақстанның жаңа моделінің конституциялық негіздері» тақырыбында қонақ дәрісі ұйымдастырылып, оған белгілі қоғам қайраткерлері – әлеуметтанушы Гүлмира Илеуова, саясаттанушылар Андрей Чеботарев пен Марат Шибұтов спикер ретінде қатысты.

Спикерлер ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері және Ұлттық құрылтай қатысушылары ретінде жаңа Конституция жобасына сараптамалық талдау жасады. Дәрісті Сорбонна-Қазақстан институты мен Лотарингия университеті филиалының 1-курс студенттері, сондай-ақ «Акселератор добра – Ізгілік елшісі» ұлттық еріктілер қозғалысының волонтерлері тыңдады. 

Кездесуде конституциялық жаңа өзгерістердің мәні мен маңызы, олардың елдің саяси жаңғыруы мен қоғамдық дамуына тигізетін ықпалы жан-жақты түсіндірілді.

Заман талабына сай қоғам да, мемлекет те үнемі жаңғырып отырады. Цифрлық мүмкіндіктердің молаюы мен қоғамдық қатынастардың трансформациялануы Ата Заңның уақыт сұранысына сәйкес бейімделуін талап етеді. Осы орайда саясаттанушы Марат Шибұтов аудиторияны қолданыстағы Конституцияның тарихымен таныстырып, оның құрылу тетіктері мен даму кезеңдерін баяндады. Ол Қазақстанның негізгі заңына неліктен француз моделі негіз болғанына жеке тоқталып өтті.

Ал әлеуметтанушы Гүлмира Илеуова Конституцияның алдыңғы редакциясы мүлдем өзгеше әлеуметтік жағдайда қабылданғанын, ал қазіргі цифрлық дәуір бірқатар нормаларды қайта қарауды қажет еткенін атап өтті. Саясаттанушы Андрей Чеботарев еліміздегі саяси жүйе мен жүргізіліп жатқан реформалардың барысына жалпы шолу жасап, енгізілген ұсыныстардың маңызын жеткізді.

Кездесу соңында қонақтар студенттерді саяси процестерден тыс қалмай, жаңа Конституцияны мұқият оқып шығуға және өз азаматтық ұстанымдарын қалыптастыруға шақырды. Сарапшылар 15 наурызда өтетін референдумға қатысудың маңыздылығын айтып, мемлекеттің болашақ құқықтық құрылымына қатысты студенттердің барлық сауалдарына ашық диалог форматында жауап берді.

 

«Abai University» медиа орталығы