29.04.2026
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАҢА СЕРІКТЕСТІК ОРНАДЫ
Бүгін Абай университетінде Қытай
Халық Республикасының Қазақстандағы Шэньси Ихэшенфэнь өнеркәсіптік тобының өкілдерімен
кездесу өтті. Жүздесуде тараптар академиялық және кәсіби байланыстарды
нығайтуға бағытталған ұзақмерзімді ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сондай-ақ
бірлескен жобаларды жүзеге асыру және халықаралық серіктестікті дамыту
перспективалары қарастырылды.
Серіктестік аясында университет пен компанияның бірлесіп тың бастамаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Жоғары білім беру жүйесінің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалар талқыланып, ұзақмерзімді ынтымақтастық орнатуға уағдаласты.
Кездесу барысында «ҚР Шэньси Ихэшенфень өнеркәсіптік топ филиалы» ЖШС Бас директоры Лю Цзун Цзян екіжақты байланыстың маңызына тоқталып, серіктестік форматын кеңінен тарқатты.
– Біз Абай университетінің тарихымен және ғылыми әлеуетімен бұрыннан таныспыз. Бүгінгі кездесу біздің ниетімізді нақты іске ұластырудың бастамасы болмақ. Бұл жай ғана келісім емес, бұл – ортақ ресурстарды жұмылдыру арқылы заманауи құқықтық парадигмаларды қалыптастыру процесі. Біз өз қаржылық мүмкіндіктерімізді, озық технологияларымызды және халықаралық басқару арналарымызды ұсынуға дайынбыз, – деді компания директоры.
Бұл қадам екі тарап үшін де табысты әріптестіктің іргетасы болмақ. Алдағы уақытта жүзеге асырылатын бірлескен жобалар кәсіби тәжірибе алмасуға, ғылыми әлеуетті арттыруға және маман даярлаудың сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Кездесу соңында екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, тараптар ортақ келісімге келді.
«Abai University»
медиа орталығы