26.02.2026
«ҰЛТТЫҚ БОЛМЫС ЖӘНЕ КИНО» ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Абай университетінде «Боран» көркем фильмінің шығармашылық тобымен «Ұлттық болмыс және кино» атты мазмұнды жүздесу өтті. Тағылымды шараға фильм режиссері Сәбит Құрманбек, сценарий авторы Ербол Бораншы, оператор Жеңіс Екпін, қоюшы суретшілер Қастер Өмірбек пен Жамбыл Құрмаш қатысты. Кездесуге университеттің Foundation факультетінің оқытушылары мен студенттері жиналды.
Кездесудің басты мақсаты факультетте білім алып жатқан жастардың мәдени-танымдық көкжиегін кеңейтіп, оларға қазақы болмысты сақтауды насихаттайды. Көркем фильм білім мен өнердің құндылығын түсініп, тарихи Отанда табысты еңбек етуге ынталандырады.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен түсірілген «Боран» фильмі отандық кинематографиядағы мазмұнды туындылардың бірі саналады. Картина 2022 жылы «Еуразия» халықаралық кинофестивалінде әлемдік премьерасын өткізіп, 2023 жылы үлкен экранға шықты.
Фильм сюжеті өткен ғасырдың 80-жылдарында Қытаймен шекаралас ауылдардың бірінде өмір сүрген жас жігіттің тағдырына негізделген. Боранды күні адасып, шекараның арғы бетіндегі қазақ ақсақалының үйіне тап болған кейіпкердің оқиғасы арқылы екі ел арасындағы қазақтардың ортақ тағдыры мен рухани байланысы көркем суреттеледі. Туынды адамгершілік, ізгілік пен ерлік ұғымдарының кеңістік пен уақытқа бағынбайтынын шебер жеткізе білген.
Кездесу барысында фильмнің негізгі идеясы, түсірілім үдерісі және шығармашылық ізденістер төңірегінде мазмұнды сұхбат өрбіді. Шығармашылық топ өкілдері қолайсыз ауа райында, соның ішінде 40 градус аязда кино түсірудің техникалық ерекшеліктері мен кәсіби қиындықтарына тоқталды. Сонымен қатар, кадр детальдары, фильмді бояу және монтаждау арқылы туындыға терең мағына берудің өзіндік тәсілдері туралы айтып берді. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, кино өнерінің қыр-сырына қанықты.
Факультеттің өнерлі өкілдері дайындаған музыкалық үзілістер кештің ажарын ашып, қонақтарға ерекше көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«Abai University» медиа орталығы