05.03.2026
ЭМОЦИОНАЛДЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ТУРАЛЫ ТРЕНИНГ ӨТТІ
Абай
университетінде «Педагог тұлғасының ішкі ресурсы:
эмоционалдық тұрақтылық, кәсіби өсу және күйіп кетудің алдын алу» тақырыбында
интерактивті тренинг өтті.
Практикалық дәрісті жас ғалым, тәжірибелі практик-психолог Жасұлан
Сейтқалиев өткізді. Тренингке «Мектепке дейінгі білім беру» мамандығының
студенттері мен докторанттар қатысып, еңбек жолында туындауы мүмкін қиындықтарды еңсеру жолдарын талқылады.
Дәріс барысында
белгілі психолог Эрик Берннің трансактілі талдау теориясы айтылып,
адам тұлғасындағы «Ата-ана — Ересек — Бала» эго-күйлерінің өзара байланысы талқыланды.
Психолог маман әрбір педагогтың ішкі ресурсын басқаруда осы үш позицияның
теңгерімін сақтау маңызды екенін алға тартты. Лектор тек теориямен шектелмей, қатысушыларға арнайы
практикалық жаттығулар жасатты. Бұл жаттығулар студенттерге өздерінің
эмоционалдық күйін бақылауға және кәсіби қызметте кездесетін стресстік
жағдайлардан шығуға тиімді құрал ретінде ұсынылды.
Тренер
Жасұлан Сейтқалиев студенттермен бірлесе отырып, ішкі ресурстарды тиімді
пайдалану және кәсіби тоқырауға жол бермеудің профилактикалық шараларын
жан-жақты талдады. Ішкі жайсыздық, зейіннің шашырауы,
өз-өзіне деген сенімсіздік пен прокрастинация сияқты өзекті мәселелердің
психологиялық себептерін қарастырды.
Мұндай іс-шаралар жас мамандардың
кәсіби ортаға тез бейімделуіне және эмоционалдық төзімділігін арттыруға
септігін тигізеді. Интерактив тренинг форматтағы кездесу студенттердің
мамандыққа деген қызығушылығын арттырып, тәжірибелік дағдыларды бойына сіңірді.
«Abai University»
медиа орталығы