06.03.2026
ПРОРЕКТОР БАНУ НАРБЕКОВА «ЕРЕН ЕҢБЕГІ ҮШІН» МЕДАЛІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ
Бүгін Ақордада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық әйелдер күні мерекесіне арналған салтанатты іс-шарада еліміздің мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны үшін бір топ қыз-келіншекті мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың арасында Абай университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры – Бану Мұқатайқызы Нарбекова да бар.
Жанға
шуақ сыйлайтын Көктем мезгілінің ең бір ерекше мерекесі – Халықаралық әйелдер
күніне байланысты Ақордада өткен салтанатты іс-шара барысында Мемлекет басшысы
барша Қазақстан аруларын құттықтап, жүрекжарды лебізін ақжарма тілекпен
бастады.
– Ең
алдымен, көктемнің шырайлы мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен баршаңызды
шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрам – мейірім мен жылулықтың, даналық пен
сұлулықтың нышаны. Әйел – тіршіліктің тірегі, берекенің бастауы. Бұл – ақиқат.
«Бесікті де, әлемді де тербеткен» әйелдің жүрегі – ізгіліктің мекені. Сондықтан
әйелдің қадірі – елдің қадірі деп айтсақ артық болмайды. Бүгін мен Ақорда
төрінде Сіздерге және барша Қазақстан әйелдеріне зор ризашылығымды және
алғысымды айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Халқымыз
қай заманда да анасын ардақтаған, қарындасына қорған болған, қыздарын сыйлап,
төрінен орын берген. Жұртымыз ең киелі құндылықтарға «Ана» сөзін қосып, «Отан
Ана», «Жер Ана», «Ана тілі» деп көне заманнан бері айтып келеді. Бабаларымыз
«Атадан – өсиет, анадан – қасиет» деген. Осы мағынасы терең дәстүр қазіргі
құбылмалы, күрделі заманда міндетті түрде өз жалғасын табуы керек. Бұл мақсатты
орындау – ұрпақтар алдындағы парызымыз. Өйткені ұлтымыздың болмысы, тілі мен
ділі, салт-дәстүрі ұрпаққа ананың аялы алақанымен, тағылымды тәрбиесімен
дариды. Осыны жеткізген Президент өз сөзінде алдағы Қазақстанды күтіп тұрған
жаңашылдықтар мен реформа туралы, референдум мен жаңа Конституция жөнінде сөз
етіп, мемлекет іргетасының нығаюы мен берік орнығуындағы қыз-келіншектердің
рөліне жан-жақты тоқталды.
– Әділетті
Қазақстанды өздеріңіз сияқты жауапкершілігі мол, жасампаз, көзі ашық, тиянақты,
еңбекке адал азаматтар құрып жатыр. Мен мұны үлкен ризашылықпен атап өткім
келеді. Бәріңізді зор құрметке лайық деп санаймын. Сондықтан бүгін мен Сіздерді
жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойдым, – деген
Мемлекет басшысы еңбектері айрықша аруларға мемлекеттік марапаттарды тапсырды.
Олардың
ішінде, біздің университеттің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бану
Нарбекова да бар. Бану Мұқатайқызына Президент Жарлығымен берілген «Ерен еңбегі
үшін» медалі оның ғылым мен білімдегі жеткен жетістіктері үшін беріліп отыр.
«Abai University» медиа орталығы