АКАДЕМИКТІҢ ЖАҢА ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕГІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Академик Досан Баймолданың 70 жас мерейтойына орай «Ғылым декадасы» аясында «Білім және ғылым жолындағы ізденістер мен жетістіктер» атты ғылыми еңбектер көрмесі мен жаңа кітаптың таныстырылымы өтті. Іс-шара барысында ғалымның ғылым жолындағы көпжылдық еңбегі кеңінен насихатталып, академиктің ғылыми мұрасы жүйелеген биобиблиографиялық көрсеткіш кітабының тұсауы кесілді.

Бұл еңбек – Абай атындағы ҚазҰПУ ғалымдарының биобиблиографиясы сериясының жалғасы. Көрсеткішке ғалымның өмірбаяны, ғылыми, педагогикалық және қоғамдық қызметтері туралы деректер, жарияланған еңбектері мен ол туралы әдебиеттер енгізілген. Жарияланған еңбектер тізімі уақыт ретімен беріліп, қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі кітаптары қамтылған. Сонымен қатар оқырманға ыңғайлы болу үшін басылымдардың әліпбилік көрсеткіші, бірлескен авторлар мен қысқартулар тізімі де енгізілген.

Іс-шараның ашылуында физика кафедрасының меңгерушісі Владимир Косов сөз сөйлеп, Досан Баймолданың университеттің дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Ол ғалымның ғылыми-педагогикалық қызметі білім ордасының абыройын арттыруға зор ықпал еткенін жеткізді. Сондай-ақ филология факультетінің профессоры Балтабай Әбдіғазиев, техника ғылымдарының докторы, физика профессоры  Марат Құлбекұлы сөз алып, мерейтой иесінің ғылым мен білім саласындағы қажырлы еңбегіне жоғары баға беріп, ізгі тілегін білдірді.

Досан Баймолда – физика ғылымының докторы (PhD), Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Абай университетінің профессоры. Ол 1956 жылы 26 сәуірде Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы, Өлгей қаласында дүниеге келген. Мамандығы – физик және саясаттанушы.

Ғалым еңбек жолында Моңғолия ғылым академиясында және халықаралық «Азаттық» радиосында ұзақ жылдар қызмет атқарған. Қазіргі уақытта университеттің физика кафедрасында дәріс оқып, жас ғалымдарды даярлауға үлес қосып келеді. Досан Баймолда 26 кітаптың авторы және 250-ден астам ғылыми мақала жариялаған. Оның еңбектері Қазақстанда ғана емес, шетелдік ғылыми басылымдарда да жарық көрген.

Мерейтой аясында өткен ғылыми еңбектер көрмесі ғалымның ғылым саласындағы жетістіктерін насихаттап қана қоймай, жас зерттеушілерге үлгі боларлық тағылымды іс-шара ретінде бағаланды.

 «Abai University» медиа орталығы