Абай атындағы қорды қолдау – халқымыздың жарқын болашағына салынған инвестиция!

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті – отандық педагогикалық білім мен ғылымның бастауында тұрған еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны. Ғасырға жуық тарихында университет Қазақстандағы білім мен ғылымның дамуына зор үлес қосқан ондаған мың оқытушылар мен ғылыми-педагогикалық кадрларды дайындады. Бүгінгі таңда еліміздегі ұстаздар қауымының алдыңғы қатарлы ұстаханасы бола отырып, білім ордамыз сапалы білім мен өнегелі тәрбиені қатар алып келеді.


Жаһандану мен бәсекелестіктің күшеюі жағдайында университеттер заман талабына сай, өзгерістер мен инновацияларға икемді болуы керек.


Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында:

"Университеттердегі эндаумент қорлары білім беру экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуы керек. Мұндай эндаументтер әлемнің жетекші университеттеріндегі ғылым мен инновацияны қаржыландырудың негізі болып табылады".


Осыған орай, озық дәстүрлерді жалғастырып, білім беру жүйесін жетілдіре отырып, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Abai Endowment Fund» корпоративтік қоры құрылды.


Абай атындағы қор университеттің ұзақ мерзімді стратегиялық дамуының негізі болып табылады. Бұл қор арқылы біз білім беру және ғылыми жобаларға тұрақты қаржылық қолдау көрсететін боламыз.


«Abai Endowment Fund» корпоративтік қорының мақсаты – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде инновациялық ғылым мен білімнің дамуына ықпал ету, университеттік білім беруді қоғамда кеңінен насихаттау, ғалымдар мен ұстаздарға қолдау көрсету.

Қор университетті абаттандыруға, кітапхана қорын толықтыруға, инфрақұрылымды дамытуға, гранттар мен шәкіртақылар беруге, қайырымдылық жобаларға қатысуға және студенттерге қаржылық қолдау көрсетуге қолдау көрсетеді.

Абай атындағы қордың іске қосылуы Қазақстанның жоғары білім беру жүйесі үшін айтулы оқиға. Абай университеті озық халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, елімізде ғылым мен білімді қаржылық қолдаудың жаңа мәдениетін қалыптастыруда.


Құрметті Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түлектері, оқытушылары мен студенттері! Құрметті бизнес серіктестер!


Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орнының маңызды бастамасы – Абай атындағы қорды қолдауға шақырамын!


Сіздің үлесіңіз тек көмек емес, сіздің альма-матеріңіздің болашағына салынған инвестиция.


Білім сапасын арттырып, ғылыми зерттеулерді дамытып, студенттер мен оқытушыларға жаңа мүмкіндіктер туғызып, Абай университетінің халықаралық беделін нығайта түсетін де сіздердің қолдауларыңыз.


Сіздердің Абай атындағы Қорға көрсеткен қолдауларыңыз – Қазақстанның болашағы мен білімінің өркендеуіне қосқан үлес!


«Abai Endowment Fund» корпоративтік қорының банктік деректемелері.


Құрметпен,

Аппарат басшысы

Жанатбек Ішпекбаев