26.02.2026
КӘСІБИ ДАЯРЛЫҚТЫҢ ЖАҢА ҚЫРЛАРЫ АШЫЛДЫ
Бүгін Абай университеті қабырғасында «Бір күн –
бір факультет» жобасы аясында «Methodfest»
оқу-әдістемелік ашық есік күні өтті. Екі апта бойы университеттің әр факультеті
өз әлеуетін таныстырса, бүгінгі іс-шара Педагогика және психология
факультетінде студенттердің практикалық ізденістері мен ғылыми жетістіктерін
бір алаңда көрсетуге арналды.
Кездесу студенттер мен
оқытушылардың ғылыми жобалары мен авторлық әдістемелерін бір жүйеде тоғыстыруға
бағытталды. Факультеттің профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушы студенттер
ғылыми жобалар мен зерттеу жұмыстарын жұртшылық назарына ұсынды. Одан бөлек білім
беру сапасын арттыру, әдістемелік ізденісті жүйелеу және болашақ мамандарды
даярлаудағы алғышарттар қарастырылды.
Академиялық қызмет жөніндегі
проректор Бану Нарбекова университеттегі жаңа академиялық мәдениеттің мазмұнына
тоқталды. Оқытушы мен студент арасындағы серіктестікке негізделген модельдің
басымдықтарын атап өтіп, білім беру үдерісінде зерттеу мен тәжірибенің қатар
жүруі басты талапқа айналғанын жеткізді. Бұл ұстаным кәсіби құзыретті әрі
зерттеуге бейім маман даярлау мақсатын айқындай түсті.
Факультеттің халықаралық
жетістіктері де назардан тыс қалған жоқ. «Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым»
жобасымен University of Illinois Urbana-Champaign университетінде ғылыми тағылымдамадан
өткен, «ЖОО үздік оқытушысы – 2025» сыйлығын алған факультет қызметкерлері
жетерлік. Сондай-ақ факультеттің ғылыми әлеуеті мен халықаралық байланыстар
күннен күнге артып келеді. Бұған қоса 2025–2027 жылдарға арналған «Жас ғалым»
жобасының жеңісі жас зерттеушілерге қолдаудың жүйелі сипат алғанын айшықтайды.
Ашық есік күнінде көтерілген
маңызды тақырыптың бірі – мектеп, колледж және жоғары оқу орны арасындағы
сабақтастық. Бірлескен workshop барысында білім беру экожүйесіндегі мәселелер
талқыланып, «мектеп–колледж–ЖОО» тізбегіндегі жаңа модельдің тиімді жақтары
сарапталды. Ашық сабақтар инновациялық әдістердің нақты қалай жүзеге асатынын
көрсетуге мүмкіндік берді.
«Бір күн – бір факультет» жобасы
аясында «MethodFest» – университет құрылымдарының әлеуетін арттырып және кәсіби
байланыстарды нығайтуға тың серпін берді. Академиялық кеңістікке үздік
тәжірибелер мен тиімді әдістемелер сұрыпталып, білім беру жүйесіндегі жаңа
жобаларды енгізуге бағытталды.
«Abai University» медиа
орталығы