БӘШЕН БАЙМҰРАТОВА АТЫНДАҒЫ ӘДІСТЕМЕЛІК КАБИНЕТ АШЫЛДЫ

Бүгін Абай университетінің базасында көрнекті ғалым, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту әдістемесінің негізін қалаушы Бәшен Баймұратқызының 100 жылдығына орай әдістемелік кабинет ашылды. Сондай-ақ «Мектепке дейінгі білім беру: қазіргі жағдайдағы даму стратегиясы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференция басталмас бұрын Педагогика және психология факультетінде ғалымның есімі берілген арнайы әдістемелік кабинет ашылды. Жаңа кабинет Бәшен Баймұратқызының еңбектерін жаңғыртып, ғылыми мұрасын кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді. Ғалымның қызы Самал Бердібекқызы мен университеттің Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Жанна Жүсіпова кабинеттің лентасын қиды. Салтанатты рәсімде Самал Бердібекқызы университет ұжымына алғысын білдіріп, жүрекжарды лебізін жеткізді.

Ғасырға жуық тарихы бар Абай университетінің қабырғасында анамның құрметіне арнайы кабинет ашылуы – мен үшін зор мақтаныш. Бұл кабинет тек бір есімнің ғана емес, тұтас бір дәуірдің, педагогикалық мұраның жалғасы боларына сенемін. Осында оқитын студенттер анамның еңбегінен тағылым алып, оның жолын жалғап, ел болашағы үшін аянбай қызмет етсе деген тілегім бар. Анам елімізде тұңғыш қазақ балабақшасын ашып, мектепке дейінгі білім беру саласының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты, – деді ғалымның ұрпағы.

Бұл іс-шара Бәшен Баймұратқызының ғылыми-әдістемелік еңбектерін кеңінен насихаттауға арналды. Ол – ғалым, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, КСРО және ҚазКСР оқу-ағарту ісінің үздік қызметкері, сондай-ақ Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері. Оның мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамыту, байланыстырып сөйлеуге үйрету бағытындағы еңбектері бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ.

Конференцияға отандық және шетелдік ғалымдар, педагогтер, мектепке дейінгі ұйым басшылары, сондай-ақ жас зерттеушілер мен студенттер қатысты. Іс-шара барысында мектепке дейінгі білім беру жүйесінің қазіргі жағдайы жан-жақты талқыланып, оны жетілдірудің ғылыми-әдістемелік бағыттары айқындалды. Сонымен қатар, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған заманауи тәжірибелер мен инновациялық идеялар ортаға салынды.

Халықаралық ғылыми-практикалық конференция Бәшен Баймұратқызының ғылыми мұрасын дәріптеу арқылы мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыруға, сала мамандарының тәжірибе алмасуына және жаңа ғылыми ізденістерге серпін берді.

 «Abai University» медиа орталығы