08.04.2026
«УАҚЫТ ӨРНЕГІ» АТТЫ КӨРМЕ АШЫЛДЫ
Бүгін Өнер факультетінің
қабырғасында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Абай атындағы ҚазҰПУ
профессоры Серғазы Жаманқараевтің «Уақыт өрнегі» атты жеке шығармашылық
көрмесінің лентасы қиылды. Ғылым декадасы аясында ұйымдастырылған бұл іс-шара
талантты суретшінің қазақ мәдениетіне арнаған туындыларымен көрерменді таңдай
қақтырды.
Қазақтың бай мәдениетін, әсем
табиғатын, салт-дәстүрлері мен ғұрпын және қазақ зиялылары мен әйел болмысын қарындашпен
шебер бейнеленген суреттер жұртшылықтың шынайы таңданысын тудырды. Көркем
туындылардың әрқайсысы қылқалам шеберінің ұлттық құндылықтарға деген терең
сүйіспеншілігі мен кәсібилігінің жарқын көрінісі іспетті.
Серғазы Жаманқараевтің шығармашылығы
бұған дейінгі Республикалық және халықаралық көрмелерде кеңінен таныстырылып,
туындылары Ұлыбритания мен әлемнің өзге де елдерінде жоғары бағаланған. Абай
атындағы ҚазҰПУ-дың Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Тілеп Серғазы Жаманқараевке
арнайы құттықтау хатын жолдап, аталмыш көрменің маңыздылығына тоқталды.
– Серғазы
Құсайынұлы! Сіздің сан жылдар бойғы шығармашылық және педагогикалық жолыңыз –
жас ұрпақ үшін өнеге, кәсіби орта үшін үлгі. 1989 жылдан бері осы білім
ордасында үздіксіз қызмет етіп келе жатқан білікті ұстаз, талантты суретші
ретінде ұлттық өнер мен көркем білімнің дамуына қосып отырған зор үлесіңізді
жоғары бағалаймыз. «Уақыт өрнегі» көрмесі – бұл тек сіздің шығармашылық
жетістіктеріңізді паш етіп қана қоймай, сонымен қатар уақыт пен өнердің
сабақтастығын, суреткердің ішкі әлемі мен дүниетанымын ұштастыратын терең
мағыналы, танымдық-мәдени көрініс, – делінген
ректордың құттықтау хатында.
Іс-шара соңында білім саласындағы
ерекше еңбегі мен айтарлықтай жетістіктері үшін суретші Серғазы Жаманқараев
«Үздік педагог» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, көрме авторы бұл
көрсетілімнің ұлттық өнердің терең тамырын, мәдени сабақтастығын айшықтайтын
мәдени мұра екенін жеткізді.
Серғазы Жаманқараевтің шығармашылығы арқылы
көрермен қазақ халқының рухани әлеміне бойлап, оның болмысын, дүниетанымын және
эстетикалық құндылықтарын жаңа қырынан тани алды. Суретшінің әр туындысы адам
жанының нәзік иірімдерін бейнелеп, рухани әсер қалдырады.
«Abai
University» медиа орталығы