15.02.2026
СПАРТАКИАДА ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Абай университетінде өткен демалыс күндері ұжым арасындағы өзара мықтыларды айқындайтын спартакиада өтті. Салауатты өмір салтын қалыптастыратын шарада оқытушы-профессорлар қауымы мен қызметкерлер спорттың сан салалы түрінен сайысқа түсті. Дәстүрге айналған доданың жеңімпаздары арнайы марапаттарға ие болды.
Спартакиаданың ашылуында сөз сөйлеген Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін»жалпыұлттық комиссиясының мүшесі Болат Тілеп «Спорты мықты ел – рухы мықты мемлекет. Ондай елдің заңы да, ішкі тәртібі де мызғымастай болуы керек. Осы орайда, алдағы референдум тағайындалған Жаңа Конституцияға дауыс беретін 15 наурыз – Қазақстан үшін аса маңызды тарихи күн деп есептеймін. Бастысы, өз таңдауымыздан жаңылыспауымыз керек. Әрбір азаматтың дауысы – ертеңгі елдің таңдауы болмақ» деді. Италияда өтіп жатқан XXV Қысқы Олимпиадада Қазақстанға тарихи алтын алып келген сәтте спартакиаданың ұйымдастырылуы кездейсоқ емес екенін де жеткізді.
Университеттің спорт кешенінде қатысушылар арқан тартыс, волейбол, шахмат және үстел теннисінен жарысқа түсті. Бұл – ұжым арасында бірлік пен ынтымақты арттыруға, дене белсенділігін нығайтуға мол үлес қосатын іс-шара. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар үздіктер анықталып, қаржылай сыйлықтар мен марапаттарға ие болды.
Арқан тартыс бойынша:
I орын – Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультеті;
II орын – Өнер факультеті;
III орын – Филология факультеті.
Шахмат ойыны бойынша:
I орын – Тарих факультеті;
II орын – Сорбонна-Қазақстан институты;
III орын – Ректорат құрамасы.
Үстел теннисі бойынша:
I орын – Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультеті;
II орын – Ректорат құрамасы.
III орын – Филология факультеті.
Волейбол ойыны бойынша:
I орын – Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультеті;
II орын – Жаратылыстану және география факультеті;
III орын – Ректорат құрамасы.
Спартакиада ойындарының қорытынды есебі бойынша үздік құрамалар:
I орын – Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультеті;
II орын – Ректорат құрамасы;
III орын – Тарих және құқық факультеті.
«Abai University» медиа орталығы



















