27.02.2026
«СТУДЕНТ ЖӘНЕ САХНА» ФЕСТИВАЛІНІҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
Абай университетінің бастамасымен «Студент және сахна» IV республикалық студенттік театрлар фестивалі ұйымдастырылды. Қала әкімдігі мен Мәдениет басқармасының қолдауымен жүзеге асқан ауқымды мәдени іс-шара Алматы қаласындағы Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры сахнасында өтті.
«Адал азамат» қағидасы аясында өткен фестиваль – қазақ драматургиясын насихаттап, жастардың бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіріп, студенттік театрлардың шығармашылық әлеуетін дамытуды көздейді. Еліміздің театр өнерінде еңбек сіңірген кәсіби мамандар талантты жастар байқауына қазылық етті. Атап айтқанда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр әртісі Жалғас Толғанбай, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ержан Қосбармақов, Ғ.Мүсірепов театрының әртісі Динара Нұрболат, театр және кино әртісі Мөлдір Зікірбай мен Бекзат Жүнісов студент жастардың өнеріне баға берді. Қазылар алқасы қойылымдардың көркемдік деңгейін, режиссерлік шешімін, актерлік шеберлігін және идеялық мазмұнын жан-жақты саралады.
Салтанатты жиында университеттің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақауов құттықтау сөз сөйлеп, театр өнерінің ұлт тәрбиесіндегі айрықша маңызын атап өтті. Сонымен қатар ол өз сөзінде, жастардың шығармашылығын дамыту бағытында мемлекеттің рухани саясатының маңызына тоқталып, 15 наурызда өтетін Жалпыхалықтық референдумда анықталатын жаңа Ата Заң жобасының елдің болашағына үлкен үміт арттыратынын жеткізді.
Фестивальге еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының студенттік театрлары
қатысты. Алғаш өнер көрсеткен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Біз» студенттік
театры Қазыбек Аманжолдың «117-пәтер» қойылымын ұсынды. Заманауи қоғамдағы адам
тағдыры мен рухани ізденіс тақырыбы көркемдік шешім арқылы қойылымда әсерлі
жеткізді. СДУ-дың «Оян» студенттік театры Жалғас Қазыбектің «Құр Сау» драмасын
сахналады. Жас актерлер әлеуметтік мәселелерді терең ашып, көрерменнің ыстық
ықыласына бөленді.
Үшінші кезекте сахнаға шыққан Абай университетінің «Қағанат» студенттік
театры Шәміл Несіпбайдың «Тарпаң» қойылымын көрсетті. Қойылым ұлттық рух пен
еркіндік идеяларын айшықтап, сахналық мәдениеттің жоғары деңгейін танытты. Абай
облысынан келген Шәкәрім университетінің «Қарагөз» студенттік театры Оралхан
Бөкейдің «Атау Кере» шығармасын сахналап, терең психологиялық иірімдерге
құрылған драмалық қойылым ұсынды. Алатауға елордадан ат басын бұрған Еуразия
ұлттық университетінің «Шаңырақ» халықтық театры Жамбыл Артықбаевтың «Бір
адамға екі өлім жоқ» қойылымын көрермен назарына ұсынып, өмір мен өлім,
адамгершілік пен жауапкершілік тақырыптарын толғады.
Шырайлы Шымкенттің М.Әуезов атындағы ОҚЗУ «Өркен» студенттік жастар театры
Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» шығармасын сахналады. Қойылымда адам мен
табиғат, тағдыр мен уақыт сабақтастығы көркем бейнеленді. Фестивальді Қарағанды
ұлттық зерттеу университетінің «Шаттық» әуесқой студенттік театры қорытындылап,
Мұхтар Мағауиннің «Әйел махаббаты» драмасын ұсынды. Терең сезім мен нәзік
психологияға құрылған қойылым көрермен көңілінен шықты.
Студенттік театрлар сахналаған қойылымдарда ұлттық сана, ар-ождан,
азаматтық жауапкершілік, адам тағдыры мен қоғамдағы өзекті мәселелер көркем
түрде бейнеленді. Әр өңірден келген студенттік театрлар сахна мәдениеті мен
актерлік шеберліктің жоғары деңгейін көрсетті.
Фестиваль қорытындысы бойынша 1 орынды «Оян» студенттік театры «Құр Сау»
қойылымымен қанжығасына байлады. Жүлделі 2 орынға «Шаңырақ» халықтық театры лайық
деп танылса, 3 орынды «Өркен» студенттік жастар театры иеленді. Абай
университетінің «Қағанат» студенттік театры «Көрермен көзайымы» номинациясымен,
Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің «Шаттық» әуесқой студенттік театры «Үздік талпыныс» номинациясымен марапатталды.
Сондай-ақ, «Үздік
ер бейнесі» номинациясы Шәкәрім
университетінің «Қарагөз» студенттік театрына, «Үздік әйел бейнесі» номинациясы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Біз» студенттік театрына бұйырды.
Жеңімпаздар мен қатысушыларға қаржылай сертификаттар мен Абай атындағы
ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-Ректоры Болат Тілептің Алғыс хаты және брендтік
сыйлықтар табысталды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін студенттік театрлар
фестивалі – жастардың рухани дамуына және театр өнерінің өркендеуіне қызмет ете
бермек.
«Abai University» медиа орталығы
