БАСТАУЫШ БІЛІМ БЕРУ ҮДЕРІСІНДЕ ЖИ ҚОЛДАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Абай университетінде «Бастауыш білім беру» кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Амина Амированың «Жасанды интеллект дәуіріне қадам: ЖОО тәжірибесі мен бастауыш білім берудің интеграциясы» атты шеберлік сыныбы өтті. Іс-шараға студенттермен қатар, еліміздің әр түкпірінен университет және колледж оқытушылары, бастауыш сынып мұғалімдері қатысты.

Шеберлік сағаты ЖИ мүмкіндіктерін білім беру үдерісінде тиімді қолдануға, болашақ педагогтердің цифрлық және медиа-педагогикалық құзыреттілігін дамытуға арналды. Қазіргі таңда, жасанды интеллект білім беру жүйесін жаңғыртудың маңызды тетіктерінің бірі. Оның көмегімен оқытуды басқарудың тиімділігін арттыруға, білім сапасын көтеруге және оқушылардың  жеке-дара ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік туады.  

Профессор Амина Слямханқызы шеберлік сыныпта  ЖИ ұғымының ғылыми-теориялық негіздері, ғылыми зерттеу жұмыстары мен мектеп тәжірибесінде қолдану мәселесіне тоқталды. ЖОО оқытушылары мен бастауыш сынып мұғалімдеріне ChatGPT, Canva AI, Grammarly, Notebook LM, Diffit for teacher, Gemini, Grok, Delight tex.edu, AI Buddy, PixVerse, Dream Face, D-ID, SUNO AI, My Lens, Foxar AI, Lovable, Thinklink, Robi AI, Qwen AI сынды платформаларды пайдалану  алгоритмі көрсетілді. Әрбір платформаның артықшылықтары мен кемшіліктері жете талданды. Оларды білім беру үдерісінде қолданудың қауіпсіздік, педагогикалық этика және кәсіби жауапкершілік талаптары түсіндірілді.

Бұл шеберлік сыныбы жасанды интеллект құралдарын бастауыш білім беру үдерісіне тиімді әрі жауапты түрде енгізудің өзекті бағыттарын айқындады. Теориялық және практикалық материалдар педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттыруға, кәсіби біліктілігін жетілдіруге ықпал етті.

 

«Abai University» медиа орталығы