27.04.2026
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕГІ ҚАЗАҚ ФОТОӨНЕРІНІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қазіргі кезеңде
цифрлық трансформация мен жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы
қоғам өмірінің барлық саласына, соның ішінде мәдениет пен өнер кеңістігіне де
жаңа мүмкіндіктер мен талаптар қалыптастыра бастады. Жаһандық өзгерістер
жағдайында визуалды мәдениеттің, оның ішінде фотоөнердің рөлі де ерекше мәнге
ие. Осы орайда 27 сәуір күні Абай университетінің Өнер факультетінде ҚР Тәуелсіздігінің
35 жылдығы мен әлемдік фотография өнерінің 200 жылдығына арналған «Жасанды
интеллект дәуіріндегі қазақ фотоөнерінің бүгіні мен болашағы» атты басқосу
болып өтті.
Аталған
жиын қазақ фотожурналистикасының ардагері, Жамбыл атындағы халықаралық
сыйлықтың иегері, кәсіби фототілші Нұрманбет Қизатұлының 85 жылдық мерейтойына
орай ұйымдастырылды. Бағдарлама аясында «Жасанды интеллект дәуіріндегі қазақ
фотоөнерінің бүгіні мен болашағы» тақырыбында пікір алмасу алаңы өткізіліп,
«Жасампаз» галереясында мерейтойлық фотокөрменің салтанатты ашылуымен басталды.
Көрмеде
ардагер фототілшінің жарты ғасырға жуық шығармашылық жолынан іріктелген 50-ге
жуық туындысы көпшілік назарына ұсынылды. Біраз жыл Абай университетінде фотограф болып қызмет істеген Нұрманбет
Қизатұлы еңбектерінде
университет тыныс-тіршілігі, туған өлкенің
табиғаты, ел өмірі, тарихи сәттер мен қоғам тынысы – көркем
әрі деректі тұрғыда терең бейнеленген. Әрбір фотосурет уақыт шежіресін сақтаған
құнды құжат ретінде қабылданып, ұлттық жадыны жаңғыртатын рухани мұра ретінде
бағаланды. Осындай құнды суреттері Абай университетінің «Ұлағат»
баспасынан фотоальбом ретінде басылып шыққаны да ел есінде.
Іс-шараны республикалық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, ф.ғ.к.,
белгілі өнертанушы Сағатбек Медеубекұлы жүргізді. Кездесудің ашылуында басшылық
тарапынан сөз сөйлеген Өнер факультетінің деканы Кәрім Байқұтов биылғы Мемлекет
басшысының бастамасымен жарияланған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» елімізге
үлкен серпіліс беріп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, жасанды интеллект
адамзатқа жаңа мүмкіндіктер ашты. Дегенмен қандай технология дамыса да, шынайы
өнердің негізінде адамның көзқарасы, жүрегі мен жауапкершілігі жатады.
– Камераның
тетігін техника басуы мүмкін. Ал тарихтың тамырын сезіну суреткердің ғана
қолынан келетіні сөзсіз. Сондықтан да бүгінгі басқосу өте өзекті. Фотография
өнерін қазіргі жасанды интеллект дәуірінде қалай басқару керек осы жөнінде
кеңінен қозғайтын боламыз, – деді
Кәрім Байқұтов.
Кездесу
барысында қазақ фотоөнерінің қазіргі даму бағыты, технологиялық өзгерістер және
жасанды интеллекттің шығармашылық салаға ықпалы кеңінен сөз болды. Белгілі фототілші, PhD ғалым Досжан Балабекұлы «Шындықтың
көлеңкесі: фотография мен жасанды интеллект дәуіріндегі философиялық мәселелер»
тақырыбында терең мазмұнды баяндама жасап, цифрлық кеңістікте шындық пен
жасандылықтың арасы барған сайын күрделене түскеніне тоқталды. «Фотография
бұрын бір сәтті тоқтататын құрал болса, бүгінде ол шындықты түсіндіретін, кейде
тіпті қайта құрастыратын «тілге» айналды. Жасанды интеллект
бейнені өңдейді, бірақ оған мағына беретін – адам санасы. Сондықтан біз көріп
отырған сурет тек кадр емес, ол – көзқарастың өзі, заманның айнасы» деді.
PhD ғалым Кәрім Байқұтов баяндамасында «Шеберлік пен технология үндестігі:
қазақ фотоөнері жасанды интеллект кезеңінде» тақырыбын қозғап, қазіргі
фотографияның жаңа цифрлық дәуірге бейімделу үдерісін жан-жақты саралады. Ол күрделі
мәселелерді көтере отырып, білім беру үдерісінде студенттерді тек техникалық
дағдыға емес, көркем ойлауға баулу маңызды екенін жеткізді. Ал «Фотоөнер»
қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ақбота Бақытжанқызы әлеуметтік желілердегі
фотоконтенттің өзгерісі мен жасанды интеллект рөліне тоқталды. Ол визуалды
ақпараттың жылдам таралуы жаңа медиа мәдениетті қалыптастырғанын, алайда
контент сапасы мен авторлық жауапкершілік мәселесі өзекті күйінде екенін айтты.
Сондай-ақ ЖИ көмегімен жасалған визуалды материалдардың түпнұсқалық пен
шынайылыққа әсерін саралады.
Жиын соңында Нұрманбет Қизатұлы ұйымдастырушыларға алғыс айтып, фотоөнердің
болашағына сенім білдірді. Фотоардагер жасанды интеллектті шығармашылықты
алмастыратын емес, оны толықтыратын құрал ретінде қабылдау қажеттігін сөз етті.
Мерейтой иесіне мәдениет пен қоғам қайраткерлері, журналистика саласының
өкілдері ізгі тілектерін білдіріп, қазақ фотоөнерін дамытуға қосқан зор үлесін
атап өтті. Қонақтар қазақы дәстүр бойынша көрменің авторының иыңына шапан
жауып, зор құрмет көрсетті.
«Abai University» медиа орталығы