16.04.2026
АУДАРМАТАНУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ МЕН МҮМКІНДІКТЕРІ АРТПАҚ
Абай атындағы ҚазҰПУ-да филология
саласындағы тың бағыттардың біріне жол ашатын «Интегративті аударматану» ғылыми
зертханасы ашылды. Әлем тілдері факультетінің Шығыс филологиясы және аударма
кафедрасы жанынан құрылған орталық – еліміздегі аударма теориясы мен
практикасын жаңа сапалық белеске көтеруді көздейтін бірегей жоба. Инновациялық
құрылымның басты мақсаты – интегративті аударматану ғылымын өркендету арқылы
халықаралық стандарттарға сай келетін, заман талабын дөп басатын жоғары білікті
мамандар даярлау.
Зертхананың салтанатты ашылу
рәсіміне университеттің Стратегия және интернационалдандыру
жөніндегі проректоры Айгүл Искакова, Зерттеу қызметі
және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан, Академиялық мәселелер
жөніндегі департамент директоры Жанна Жусупова, сондай-ақ білікті ғалымдар мен департамент басшылары қатысты. Жиын
барысында бұл нысан жай ғана оқу кабинеті емес, отандық ғылымның көкжиегін
кеңейтетін, теориялық ой мен практикалық шешімдер тоғысқан интеллектуалды хаб
екені айрықша атап өтілді.
Еске сала кетейік, бұған дейін
университеттің Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Тілеп Әлем тілдері факультетінің
Филология факультетінен дербес құрылым түрінде бой көтеруінің маңызына
тоқталған еді. Болат Анапияұлының сөзінше, бұл жүйе тілдік мамандықтарды
классикалық гуманитарлық білім шеңберінен шығарып, оларды жаһандық бәсекеге
қабілетті, қолданбалы бағыттарға икемдейді.
Интегративті аударматану – тек
мәтінді бір тілден екінші тілге көшіру емес, лингвистика, мәдениеттану,
когнитивтік психология және жасанды интеллект мүмкіндіктерінің тоғысындағы
күрделі процесс. Осы орайда, зертхана қызметі отандық және шетелдік озық
тәжірибені сараптауды, ауқымды ғылыми конференциялар өткізу мен іргелі
мемлекеттік, халықаралық гранттық жобаларға қатысуды басты бағдар етіп алады.
Сонымен қатар жас ғалымдардың зерттеу нәтижелерін Scopus және Web of Science
секілді жоғары рейтиңді басылымдарда жариялау, кадрлар даярлаудың мазмұнын
заманауи еңбек нарығының сұранысына сәйкестендіру – орталықтың алдында тұрған
негізгі міндеттер.
Алдағы уақытта аталған тармақтар
бойынша бірқатар жоспарлар жүзеге асады деп көзделуде. Интегративті тәржіма – болашақ
аудармашыларды тек тіл маманы ретінде тәрбиелеп қана қоймай, мәдениетаралық
коммуникацияның алтын көпірі болмақ. Осы орталық ғылыми ізденістердің ошағына
айналып, ұлттық руханият пен жалпыхалықтық ғылымның байланысын бекемдей
түсетініне сенім мол.
«Abai University» медиа орталығы