02.03.2026
БІЗДІҢ СТУДЕНТТЕР ПОЛЬША УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДИПЛОМДАРЫН ИЕЛЕНДІ

Абай университетінің халықаралық
ынтымақтастық аясындағы жұмыстары кезекті нәтижесін берді. Филология
факультетінің төрт студенті Польшаның Слупск қаласында орналасқан іргелі оқу
орны – Помор университетінде (Pomeranian University in Słupsk) «Орыс
филологиясы: Интернет-журналистика» бағдарламасы бойынша білім алып, дипломдық
жұмыстарын сәтті қорғап шықты.
Осыған орай, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Тілеп аталған білім алушыларды арнайы қабылдап,
еуропалық үлгідегі дипломдарын табыстады. Олардың қатарында – Жандосқызы Әдемі,
Латыпова Диана, Махамед Азиза және Сабитова Назгүл бар.
Слупск қаласындағы Помор
университеті – 50 жылдан астам тарихы бар, Польшаның Балтық жағалауындағы
жетекші мемлекеттік жоғары оқу орындарының бірі. Университет гуманитарлық,
әлеуметтік және жаратылыстану ғылымдары бойынша халықаралық деңгейдегі
мамандарды даярлаумен танымал. Оқу орны цифрлық технологиялар мен заманауи
медиа-коммуникацияны филология саласына сәтті ұштастыруымен еуропалық білім
беру кеңістігінде жоғары бағаланады.
Кездесу барысында ректор
студенттердің Польшада білімдерін жоғары деңгейде көрсетіп, оқу ордамыздың
абыройын лайықты қорғағанына ерекше тоқталды. Болат Анапияұлы өз сөзінде екі
жоғары оқу орнында қатар білім алу үлкен жауапкершілік пен темірдей тәртіпті
талап ететінін атап өтіп, жастардың халықаралық деңгейде білім алуына қолдау
білдірген ата-аналарына арнайы алғысын білдірді.
Қазіргі уақытта студенттер 3 және
4-курстарда оқуын жалғастырып жатыр. Осылайша қос диплом бағдарламасы болашақ
мамандардың кәсіби деңгейін еуропалық стандарттарға сай шыңдауға мүмкіндік
беріп, олардың еңбек нарығында сұранысқа ие болуына тікелей жол ашып отыр.
«Abai University» медиа орталығы





