ҮЗДІК СТУДЕНТТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Сәуір айы Абай университеті үшін жарқын жетістіктермен басталды. Білім ордасының үздік студенттері білім, ғылым, шығармашылық және спорт салаларында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, лайықты құрметке ие болды.

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Тілеп дарынды студенттермен кездесіп, олардың жетістіктерін жоғары бағалап, алғыс хаттар табыстады. Кездесу жастардың білім мен ғылымға деген қызығушылығын арттыруға, жан-жақты дамуына қолдау көрсетуге бағытталды. Үздіктер қатарында республикалық айтыстың, интеллектуалды пікірсайыстың және спорт додасының жеңімпаздары бар. Ректор университеттің атын шығарып, бәйге алған шәкірттердің еңбегін жоғары бағалады.

Құрметті студенттер, сіздердің әрбір жеңістеріңіз – біздің ортақ абыройымыз. Білімде, ғылымда, өнер мен спортта көрсетіп жүрген табыстарыңыз – табандылық пен үлкен еңбектің нәтижесі. Осындай қарқыннан таймай, алдағы уақытта да биік мақсаттарға ұмтылып, жаңа жетістіктерге жете беріңіздер. Университет әрқашан қолдау көрсетуге дайын, деді ректор.

Апта бұрын республикалық жас ақындар айтысында топжарған студенттің жеңісі көпшіліктің назарын аудартты. Петропавлда өткен Қазақстанның халық жазушысы Жүрсін Ерманның 75 жылдығына арналған «Ұлытаудың ұланы – ұлтым деген» республикалық жас ақындар айтысында Абай университетінің 1 курс студенті Зарина Пердебай бас жүлдені иеленді. Оразалы Досбосынов атындағы жас ақындар орталығының мүшесі Зарина 300 000 теңге жүлде алып, тапқырлығымен, терең ойымен көрерменді тәнті етті.

Зияткерлік сайыстарда да университет студенттері жоғары нәтиже көрсетті. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен «Хабар» арнасында өткен «Азамат» интеллектуалды бағдарламасында Математика, физика және информатика факультетінің студенті Жайдары Нығметханова «Ең үздік спикер» арнайы кубогына ие болды.  Республикалық пікірсайыс алаңында 64 қатысушының арасынан суырылып шыққан Жайдары аналитикалық ойлау қабілеті мен шешендік шеберлігін көрсете білді.

Студенттердің спорт саласындағы жетістіктері де аз емес. Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультетінің 2 курс студенті Байзақ Азамат қол күрестен Азия және Қазақстан чемпионы атанып, жоғары спорттық деңгейін дәлелдеді. Сонымен қатар, «Республикалық үздік студент» байқауында «Үздік эссе» номинациясы бойынша 1 орынды жеңіп алды.

Білім алушылардың бұл жетістіктері – қажырлы еңбек пен ерекше таланттың, сондай-ақ оқу орнының сапалы білім беру жүйесінің айқын нәтижесі. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті әрқашан жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың ғылым, өнер және спорттағы табыстарына жол аша бермек.

«Abai University» медиа орталығы