28.04.2026
ҒЫЛЫМИ КЕҢЕСТЕ ЗЕРТТЕУ БАҒЫТТАРЫ КҮН ТӘРТІБІНЕ ШЫҒАРЫЛДЫ
Бүгін Абай университетінің Ғылыми
кеңесінде академиялық қызмет және ғылыми-зерттеу бағыттарын жаңғырту мәселелері
кеңінен талқыланды. Білім беру сапасын арттыруға және оқу ордасының ғылыми
әлеуетін нығайтуға бағытталған стратегиялық шешімдер қабылданды. Сондай-ақ PhD дипломдар
мен қауымдастырылған профессор ғалыми дәрежелері табысталды.
Ғылыми кеңесте математика, химия,
география, дефектология, информатика және тарих салалары бойынша диссертациялық
жұмыстарын сәтті қорғаған ғалымдарға PhD дипломдары тапсырылды. Сонымен қатар Музыкалық
білім беру және хореграфия кафедрасының меңгерушісі Айсұлу Қалдаяқоваға «Өнер»
бағыты бойынша, ал университеттің Бас
ғалым хатшысы Жазира Бітібаеваға «Білім» бағыты бойынша қауымдастырылған профессор
және доцент ғылыми атақтары берілді. Ғылыми кітапхана директоры Нұргүл
Имансыдықова ҚР Жоғары оқу орындары кітапханалар қауымдастығының медалімен
марапатталды.
Ғылыми кеңестің күн тәртібіне
сәйкес, «Ғылыми журналдарының қазіргі жағдайы мен перспективасы» тақырыбы
талданып, университет жанындағы 16 ғылыми журналдың даму мүмкіндіктері
сарапталды. Басылымдарды халықаралық «Scopus» және «Web of Science» базаларының
талаптарына толық сәйкестендіру, журналдардың дәйексөз алу көрсеткішін арттыру
және жаңа бағыттағы ғылыми журналдарды ашу мәселелері ортаға салынды.
Университеттің стратегиялық даму
бағыттарын айқындау шеңберінде 2026-2027 оқу жылына арналған білім беру
бағдарламаларының жаңа нұсқалары таныстырылды. Бакалавриат, магистратура және
докторантура деңгейлері бойынша оқу жоспарлары, педагогикалық жүктемені есептеу
әдістемесі және талапкерлерді қабылдау науқанының жаңа ережелері қаралды.
Сонымен қатар Әлем тілдері
факультетінде заманауи синхронды аударма зертханасын ашу жоспары академиялық
қауымнан қолдау тапты. Білім беру үдерісіне жасанды интеллект пен
VR-технологияларын енгізу, виртуалды көзілдіріктерімен жабдықталған арнайы
кабинеттер ашу жұмыстары университеттің цифрлық трансформациясын жаңа деңгейге
көтермек.
Мәжіліс қорытындысы бойынша,
Ғылыми кеңес мүшелері күн тәртібіндегі барлық бастамаларға бірауыздан қолдау
білдірді. Жиын соңында оқу орнының ғылыми мектебін насихаттайтын және
педагогикалық білім берудің өзекті мәселелерін қамтитын бірқатар авторлық
ұжымдардың монографиялық еңбектері баспаға ұсынылды.
«Abai
University» медиа орталығы