АБАЙ ЖАСТАРЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУДА ТОП ЖАРДЫ

Абай облысының орталығы Семей қаласында республикалық байқау өтті. Көрнекті жазушы, тарихшы, этнограф, фольклоршы Зейнолла Сәніктің шығармашылығына арналған «Сөз ғұмыр» байқауынан Абай университетінің студенттері жүлделі қайтты. Шығармашыл жастар арасындағы доданың жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. 

Бұл байқау – еліміздің әр өңірінен келген 40-қа жуық дарынды студенттің басын қосып, ұлттық әдебиет пен руханиятқа деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті. Қатысушылар Зейнолла Сәнік мұрасын жан-жақты насихаттап, оның шығармаларындағы тарихи таным, этнографиялық ерекшелік пен көркемдік құндылықтарды тереңінен ашуға тырысты.

Бұл тартысты бәйгеде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті студенттері де белсенділік танытып, шығармашылық қарым-қабілеттерін лайықты деңгейде көрсете білді. Нәтижесінде университеттің Оразалы Досбосынов атындағы жас ақындар орталығының шәкірттері жеңімпаздар қатарынан көрініп, үлкен жетістікке қол жеткізді.

Атап айтқанда, байқаудың Бас жүлдесін 2-курс студенті Несіпбай Шәміл жеңіп алып, 450 мың теңгелік қаржылай сыйлыққа ие болды. Ал 1-курс студенті Балқыбек Абзал ІІ орынды иеленіп, 150 мың теңге көлеміндегі жүлдені қанжығасына байлады. Сонымен қатар, 1-курс студенті Жұмаділ Сабина арнайы жүлдемен марапатталып, 20 мың теңгелік сыйақыға ие болса, 1-курс студенті Оразахын Еңлік ерекше өнерімен көзге түсіп, алғыс хатпен марапатталды. О.Досбосынов атындағы жас ақындар орталығының жетекшісі  Айтуған Жетебаев жүлделі жүйріктерді дайындап, шығармашылық бәйгеге қосқан болатын.

Осындай мазмұнды әрі тағылымды шаралар қазақ әдебиетін тереңірек тануға мүмкіндік беріп, жас ұрпақтың рухани-мәдени дамуына серпін берері сөзсіз. Зейнолла Сәнік мұрасы – келер ұрпаққа рухани бағдар, мәдени құндылықтың алтын арқауы ретінде жаңғырып келеді.

«Abai University» медиа орталығы