09.04.2025
«Оқу процесін жаңғыртуда жасанды интеллектті пайдаланудың мүмкіндіктері мен тиімді жолдары» тақырыбында халықаралық семинар
2025 жылдың 4 сәуірінде Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжінде «Оқу процесін жаңғыртуда жасанды интеллектті қолданудың мүмкіндіктері мен тиімді жолдары» тақырыбында халықаралық семинар өтті.
Семинарға Қазақстаннан және шет елдерден жетекші оқытушылар, ғылыми қызметкерлер және инновациялық жобалардың өкілдері қатысты. Шара барысында қатысушылар білім беру саласындағы заманауи үрдістер мен тәсілдер бойынша тәжірибе алмасып, жасанды интеллекттің білім беру үдерісіне ықпалына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Семинардың мақсаты – оқу үдерісінің сапасын арттыру үшін жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану арқылы мұғалімдердің ғылыми-теориялық және практикалық құзыреттілігін дамыту.
Семинарға спикер ретінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 8D01301 – «Педагогика және бастауыш мектепте оқыту әдістемесі» білім беру бағдарламасының 3 курс докторанттары Бауыржан Жанкушков пен Зульфия Таипова қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Іс-шара интерактивті және шеберлік сабақтарын қамтыды, онда қатысушылар білім беру жүйесінде жасанды интеллектті қолданудың нақты әдістерімен танысты.
Семинар қорытындысы бойынша оқу-тәрбие процесін жаңғыртудағы жасанды интеллекттің рөлі мен маңызы ерекше атап өтіліп, мұғалімдердің күнделікті тәжірибесінде жаңа технологияларды тиімді пайдалануға ықпал ету бойынша ұсыныстар ұсынылды.