МАГИСТРАНТТАРҒА ҒЫЛЫМИ ТАЛАПТАР ТҮСІНДІРІЛДІ

Қазіргі таңда, еліміздің жоғары оқу орындары білім берумен ғана шектелмей, ғылыми зерттеулер жүргізіп, кәсіби ғалымдар дайындауға бет бұрды. Университеттің ғылыми әлеуеті – ғылыми кадр даярлау мен зерттеу жобаларын жүзеге асыруына байланысты анықталады. Осы ретте Абай университеті аталған бағыттар бойынша жүйелі жұмыс істеп келеді. Мемлекеттік және университеттік қаржыландырумен зерттеу жобалар жүргізіп, ғылыми мамандар дайындауға басымдық береді.

Жоғары білімді маманға ғылыми қызмет баспалдағы магистратура деңгейінен басталады. Ғылыми-педагогикалық құзыреттілік мүмкіндігі берілетін бұл сатыда білім алушылар ғылыми мақалалар жазып, диссертациялық зерттеу жұмысымен айналысып, ғылыми тағылымдамадан өтеді. 16-25 ақпан аралығында университет басшылығы бірінші курс магистранттарымен кездесулер өткізді. Әрбір факультет қабырғасында жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мәселелері талқыланды.

Жиында магистр маман дайындаудың негізгі компоненттеріне ерекше назар аударылды: академиялық пәндерді меңгеру, педагогикалық және ғылыми тәжірибеден өту, білім беру бағдарламасының бағыты мен диссертация тақырыбына сәйкес ғылыми мақалаларды жариялау. Бұл кезеңдердің әрқайсысы болашақта диссертацияны сәтті қорғаудың кепілі. Магистрлік диссертация – білім алушының қорытынды жұмысы ғана емес, бұл – студенттің екі жылдық академиялық жетілуінің және кәсіби құзыреттілігінің көрсеткіші.

Магистранттарға Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Жанна Жүсіпова, Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бөлімінің басшысы Ақторғын Кәрібекова және Халықаралық қатынастар бөлімінің жетекші маманы Ерасыл Талғатов түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Талқылауға факультет басшылары және оқытушы-профессорлар құрамы қатысты. Білім алушылардың сұрақтарына жауап беріліп, ұсыныстары тыңдалды.

Айта кетейік, қазіргі уақытта магистратура деңгейінде 771 білім алушы бірінші курста оқиды. Олардың әрбірі келешегі зерделі зерттеуші, озық оқытушы болуы ықтимал. Сондықтан, бұл кездесу магистратура деңгейін меңгерудің айқын жолын көрсетіп, міндетттер мен мақсаттарды нақтылады.

 

«Abai University» медиа орталығы