ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР КҮНІНЕ ОРАЙ МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ӨТТІ

8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Абай атындағы ҚазҰПУ-да мерекелік концерт ұйымдастырылып, оқу ордасының әйелдер қауымы құрметке бөленді. Салтанатты кеште нәзік жандыларға ерекше ілтипат көрсетіліп, олардың ғылым мен білім саласындағы еңбегі дәріптелді.

Мерекелік іс-шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бейне құттықтауымен ашылды. Министр құттықтауында әйелдердің қоғамдағы рөліне тоқталып, университет ұстаздары мен қызметкерлеріне шығармашылық табыс, амандық пен жаңа жетістіктер тіледі. Салтанатты жиында университеттің Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Тілеп сөз сөйлеп, оқу ордасының әйелдер қауымын төл мерекесімен құттықтады.

– Әйел – өмірдің өзі, ырыс пен ынтымақтың көзі. Ел сынға, ер мұңға түскен талай сындарлы сәттерде әйел аналарымыз тұтас қоғамның жүгін жүрегімен көтере білді. Бұған тарих куә, дәуір дәлел. Бүгінде сол ізгі қасиеттер университетіміздің дамуына да өз үлесін қосып келеді. Қазіргі таңда қара шаңырағымызда 1047 әйел еңбек етуде. Олардың 410-ы – ғылым жолындағы ғалымдар. Университет қабырғасында 7 академик, 82 профессор қызмет атқарады. Сонымен қатар 737 қызметкер «ана» деген ең мәртебелі атқа ие. Сіздердің табанды еңбектеріңіз, парасат-пайымдарыңыз бен кәсіби шеберліктеріңіз университетіміздің абыройын арттырып, оның дамуына серпін беріп келеді, – деді Болат Анапияұлы.

Мерекелік кештің сәнін әнші Нұрсұлтан Нұрбердиев кіргізіп, көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар қоғам қайраткерлері мен қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары университет ұжымы мен студенттеріне бейне құттықтауларын жолдады. Олардың қатарында Абай университетінің түлегі, дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиев, «Алашұлы» тобы, «Жігіттер» квартеті, актер Азамат Сатыбалды, Қуандық Рахым, Бүркіт пен Айша, Наркенже Серікбаева, Анара Батырхан, Тұрар Ыдырыс сынды өнер иелері болды.

Кеш барысында барлық факультет деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары да нәзік жандыларға арнайы шығармашылық тартуларын ұсынып, мерекелік бағдарламаны одан әрі жандандыра түсті. Сондай-ақ Өнер факультетінің хор студенттері әртүрлі тілде орындаған «Ана», «Ана туралы жыр» әндері көрерменнің жүрегіне ерекше әсер сыйлап, анаға деген құрмет пен ризашылық сезімін терең жеткізді.

Салтанатты кеш соңында әйелдер қауымы университеттің «Абай» төсбелгісімен, «Айырықша еңбегі үшін», «Құрметті қызметкер», «Үздік ұстаз», «Үздік қызметкер» марапаттары мен Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапатталды.

Осылайша Абай университетінде өткен мерекелік кеш білім ордасындағы әйелдердің еңбегін айшықтап, олардың ғылым мен білім, тәрбие мен мәдениет саласындағы зор үлесін тағы бір мәрте айқындады. Университеттің сұлу да нәзік, рухты да қайсар әйелдері – оқу ордасының дамуы мен болашағының жарқын кепілі. 

«Abai University» медиа орталығы