13.04.2026
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙМЕК
Бүгін Абай университетінде Литва
Республикасынан келген делегация мүшелерімен кездесу өтті. Жиынға Литва
Республикасының Бас консулдығының өкілдері, сондай-ақ Витаутас Магнус
университеті мен Абай университетінің басшылығы қатысты.
Кездесуде тараптар жоғары білім
беру жүйесіндегі өзекті бағыттарды талқылап, серіктестікті жаңа деңгейге көтеру
мүмкіндіктерін саралады. Әсіресе, білім алмасу үдерісін жетілдіру, ортақ ғылыми
жобаларды жүзеге асыру, оқытушылар мен білім алушылардың академиялық ұтқырлығын
дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Басқосу аясында екі оқу орнының
әлеуеті таныстырылып, білім беру бағдарламалары, ғылыми-зерттеу жұмыстары және
халықаралық байланыс тәжірибесі кеңінен сөз болды. Кездесуде Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Тілеп сөз сөйлеп, әріптестікті дамыту оқу
орнының стратегиялық басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық
университеті үшін халықаралық одақтастықты дамыту – стратегиялық басым
бағыттардың бірі. Жақын арада оқу орнымыз 100 жылдық мерейтойын атап өтеді. Мұндай
тарихи кезеңде шетелдік университеттермен байланысты нығайту аса маңызды. Бұл
қадам тәжірибе алмасуға, ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, білім беру
бағдарламаларын жетілдіруге және академиялық ұтқырлықты дамытуға жол ашады, – деді ректор.
Келіссөздер барысында цифрлық технологиялар
мен жасанды зердені оқыту ісіне енгізу, инновациялық тәсілдерді игеру, ғылыми
ізденістерді үйлестіру жөнінде мазмұнды пікір алмасу өтті. Бұл бастамалар екі
жақтың да жоғары білім кеңістігін жаңғыртуға деген ұмтылысын айқын көрсетті.
Витаутас Магнус университетінің Стратегиялық
даму және қаржы жөніндегі проректоры Астрида Мисейкьене бұл кездесу жоғары
білім беру саласында ұзақ жылдық жобаларды жүзеге асыруға сеп болатынын алға
тартты.
– Біз мұнда қауымдастық орнату,
тәжірибе алмасу және білім, ғылым мен инновация салаларында ұжымдық жаңа
бастамаларды қолға алу мақсатымен келдік. Екі университет арасындағы байланыс
тек ресми деңгейде ғана емес, өзара түсіністік пен сенімге негізделген ұзақ
мерзімді ынтымақтастыққа ұласады деп сенеміз, – деді шетелдік проректор.
Сонымен қатар талқылауда мәдени-гуманитарлық
байланыстарды нығайту, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу,
халықаралық деңгейдегі ғылыми конференциялар мен тағылымдамаларды ұйымдастыру
мәселелері қозғалды. Әңгіме өзегінде ортақ мүддеге бағытталған перспективалы
әріптестік құру қажеттігі талқыланды.
Кездесу қорытындысында тараптар
ынтымақтастық туралы уағдаластыққа келіп, болашақта нақты жобаларды іске
асыруға ниет білдірді. Бұл бастама екі ел арасындағы білім мен ғылым
саласындағы байланыстарды жаңа белеске көтеруге мүмкіндік бермек.
«Abai
University» медиа орталығы