24.04.2026
АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Абай университетінің қабырғасында
23–30 сәуір аралығында «Ашық есік» апталығы өтіп жатыр. Бүгінгі кезекті іс-шара
Педагогика және психология факультетінде жалғасты. Жиынға Алматы қалалық
колледждерінің студенттері мен жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып
оқушылары арнайы қатысты.
Аталған іс-шараны факультет деканының
әлеуметтік-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Елмұрат Құрманғали ашып,
қатысушыларды оқу орнының тыныс-тіршілігімен таныстырып, болашақ студенттерге
сәттілік тіледі. Ашық есік күні барысында «Бастауыш білім беру» кафедрасының
аға оқытушысы Бауыржан Жанкушков оқу ордасының терең тарихы мен ғылыми әлеуеті
туралы мазмұнды баяндама жасады.
Қазіргі таңда Психология және
педагогика факультеті 6 арнайы бағытта іргелі білім береді. Жарты ғасырдан
астам тарихы бар факультет 10 арнайы мамандық бойынша білікті кадрлар даярлауда
көш бастап келеді. Мәселен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының 2025 жылғы
білім беру бағдарламалар рейтингінде факультетте оқытылатын «Әлеуметтік
педагогика және өзін-өзі тану» мамандығы бірінші орынға шыққан болатын. Бұл
аталған бағытта білім алып шыққан түлектердің еңбек нарығындағы сұранысы жоғары
екенін көрсетеді.
Кездесуде теория мен практиканы
ұштастыратын дуальді оқыту жүйесінің тиімділігі мен маңызы кеңінен
түсіндірілді. Бұл жүйе студенттердің оқу барысында білімін нақты өндірістік
ортада бекітуіне мүмкіндік беріп, болашақ мамандардың тәжірибелік дағдыларын ерте
кезеңнен қалыптастыруға жол ашады. Сонымен қатар дуальді оқыту аясында серіктес
білім беру ұйымдары мен мекемелерде тәжірибеден өту арқылы студенттер еңбек
нарығына бейімделіп, жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатады.
Талапкерлер үшін білім алудың
қаржылық мүмкіндіктері де сөз болды. Мемлекеттік білім гранттарынан бөлек,
оқуда озат жастарға тағайындалатын ректор гранты, сондай-ақ әлеуметтік
жеңілдіктер мен арнайы гранттар туралы толық ақпарат берілді. Жастарды
қызықтыратын академиялық ұтқырлық мәселесі мен шет елдерде тәжірибе жинақтау
мүмкіндігі, әскери кафедраның жұмыс істеу тәртібі де назардан тыс қалмады. Әр
кафедраның белсенді студенттері өз пікірлерін айтып, оқу орнындағы шәкірттік
өмірдің ерекшеліктерін, шығармашылық ортаның артықшылықтарын бөлісті.
Басқосу соңында талапкерлер көкейлерінде
жүрген сауалдарын қойып, тиісті мамандардан тұшымды жауап алды. Бүгінгі жүздесу
мектеп түлектерінің мамандық таңдау жолындағы маңызды қадамына серпін берді.
Ұлағатты ұстаздар мен білікті педагогтар даярлайтын қара шаңырақ еңбек
нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті мамандар тәрбиелеу ісін абыроймен
жалғастыра береді. Университет ұжымы таңдау жасаған жас өрендерді жаңа оқу
жылында студенттер қатарынан көруді асыға күтетінін жеткізді. Оқу ордасы
білімге құштар әрбір жасқа сапалы тәрбие мен кәсіби білім шыңына жетелейтін
даңғыл жол ұсынады.
«Abai University»
медиа орталығы