13.04.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ҚЫТАЙДА РЕСМИ КЕЗДЕСУЛЕР ӨТКІЗДІ
12-13 сәуір күндері Қытайда ресми сапармен жүрген Абай университеті делегациясы Циндао мектепке дейінгі педагогикалық жоғары колледжі базасында ресми кездесулер өткізді. Кездесудің мақсаты – білім беру және ғылым саласындағы стратегиялық серіктестікті нығайту, академиялық алмасу мен бірлескен жобаларды дамыту.
Кеше басталған ресми басқосуларда Абай атындағы ҚазҰПУ
өкілдері Қытай Халық
Республикасы Циндао қаласының
интернет-ақпарат басқармасы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы
комитеті және колледж өкілдерімен кездесіп, Қытай мен Орталық Азия ынтымақтастығы, «Бір белдеу – бір жол» аясында цифрлық экономика, трансшекаралық деректер мен білім беру
салаларындағы әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады. Нәтижесінде Алматыда осы
бағыттарға арналған халықаралық семинар өткізу келісілді.
Ал бүгін Циндао мектепке дейінгі педагогикалық жоғары колледжінде өткен кездесу
барысында аталған оқу орнының
ректоры Фу Жунъюн мен Абай университеті делегациясының жетекшісі Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бану Нарбекова екіжақты келіссөз жүргізді. Тараптар бірлескен халықаралық
институт құру, педагогикалық білім беру альянсын қалыптастыру, кәсіби білім
беруді шетелде ілгерілету және өзара студент алмасу мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар, университет делегациясы Циндао мектепке дейінгі педагогикалық жоғары колледжіне ғылыми
тағылымдамадан өтіп жатқан Абай атындағы ҚазҰПУ магистранттарымен жүздесті.
Сапар аясында
делегация Қытай жоғары оқу орнының кампусын аралап, мектепке дейінгі білім беру
факультеті тәжірибелік базасымен, ақпараттық желілер орталығымен, жасанды
интеллект негізіндегі халықаралық тілдер индустриялық институтымен, «Ақылды
мәдени туризм» бағытындағы оқу-өндірістік базасымен және әртүрлі факультеттердің
өндірістік тәжірибе алаңдарымен танысты. Шай өнерінің оқу-демонстрациялық
орталығында тәжірибелік таныстырылымға қатысып,
екіжақты пікір алмасулар өткізді.
«Abai University» медиа орталығы