АВСТРИЯНЫҢ ТИРОЛЬ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ КЕЛДІ

Абай университетіне Тироль педагогикалық университетінің (Австрия) делегациясы іс-сапармен келді. Арнайы делегация құрамында Тироль педагогикалық университетінің оқытушысы Уолтер Вигл, Инсбрук педагогикалық университетінің практикалық бастауыш мектебінің қолөнер мұғалімі Питер Маттиас және аталған оқу орнының колледжіне қарасты орта мектеп оқытушысы Сюзанна Майрхофер бар. Шетелдік меймандардың сапары қазақстандық педагогикалық жоғары оқу орнымен серіктестікті нығайтуға бағытталған.


Ресми кездесу барысында Стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Айгүл Искакова еуропалық әріптестерге ілтипат білдіріп, қос оқу орны арасындағы ұзақжылдық байланыстың маңыздылығын атап өтті. Проректор Erasmus+ бағдарламасы мен дуальды білім беру жобалары аясындағы бірлескен жұмыстарға жоғары баға беріп, Австриялық тәжірибенің қазақстандық білім жүйесіне, соның ішінде Абай университетінің жаңашылдық бағытына қосқан үлесі үшін алғыс айтты.


Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Баян Сапарғалиева делегация өкілдеріне университеттің ғылыми әлеуеті мен халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштері туралы баяндады. Абай университетінің Орталық Азиядағы жеке зерттеу және практикалық базасы қалыптасқан жетекші зерттеу университетіне айналу стратегиясын таныстырды. Шетелдік қонақтар оқу орнында білім алып жатқан шетелдік студенттердің үлесіне және оларды тарту стратегиясына қызығушылық танытты. Өз кезегінде Уолтер Вигл 5 жылға жалғасып келе жатқан әріптестікті жаңғыртуға, жаңа идеяларды жүзеге асыруға және озық тәжірибелермен бөлісуге дайын екендігін білдірді.


Тироль педагогикалық университеті – Австриядағы мұғалімдерді даярлаудың ерекше моделін қалыптастырған оқу орны. Университет жанындағы меншікті бастауыш және орта мектептер жаңа әдістемелерді сынақтан өткізетін алаң қызметін атқарады. Ал мұндағы сәтті тәжірибелер кейіннен бүкіл Австрияның мемлекеттік білім беру стандартына енгізіледі. Сонымен қатар оқу орны өңірдегі 11 000-нан астам мұғалімнің біліктілігін арттыруға жауапты негізгі орталық ретінде белгілі.


Кездесу соңында австриялық делегация өкілдері қонақжайлылық үшін ризашылығын білдіріп, бірлескен жобаларды дамытуға ниетті екендігін жеткізді. Алдағы бір апталық сапар аясында шетелдік мамандар Алматыдағы орта мектептердің жұмысымен танысып, отандық білім беру жүйесіне, педагог мамандардың кәсіби шеберлігіне талдау жүргізуді жоспарлаған.

 


«Abai University» медиа орталығы