БОЛАШАҚ МАМАНДАР ОҚУШЫЛАРҒА АШЫҚ САБАҚ ӨТТІ

Бүгінгі таңда 4-курс студенттері мектеп қабырғасында өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Абай университетінің басшылығы биылғы түлектердің мектеп қабырғасындағы ашық сабағына қатысты. Соның бірі Қасыл Қатықбаев атындағы №168 мектеп-гимназиясы 10 «Б» сыныбында «Сәулет өнері. Стильдік ерекшеліктер» тақырыбында өткен ашық сабақ. Мұны өндірістік іс-тәжірибе шеңберінде  Филология факультетінің 4 курс студенті Жұлдыз Орымбекова өткізді.

Сабаққа университеттің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау, Басқарма Төрағасы–Ректордың Академиялық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Хайрулла Жанбеков және Мансап орталығының басшысы Рақымберді Жетібай қатысып, студенттің кәсіби даярлығын бағамдады. Басшылық өкілдері сабаққа қатысуы студенттердің педагогикалық шеберлігін қалыптастыруға бағытталған университеттің жүйелі және нәтижелі іс-әрекетінің нақты көрінісі болды.

Сабақ дәстүрлі әдеби-теориялық талдаумен шектелмей, пәнаралық ықпалдастық негізге жүйеленген. Оқушылар сәулет стильдерін тарихи кезеңдермен, мәдени үдерістермен және көркемдік бағыттармен байланыстыра талдады. Тапсырмалар салыстыру, саралау, дәлелдеу және жеке көзқарасты ғылыми тілде жеткізу дағдыларын дамытуға бағытталды. Әр кезеңнің оқу мақсаты нақтыланып, бағалау критерийлері көрсетілсе, кері байланыс бөлімі оқушылардың оқу нәтижелерін сараптауға мүмкіндік берді.

Теориялық ұғымдардың нақты мысалдар арқылы бекітілуі, сабақ жоспарының құрылымдық жүйелігі мен болашақ мұғалімнің уақытты ұтымды пайдаланыла алуы – тыңғылықты жұмыстың нәтижесі. Сабақ барысында оқушы белсенділігін арттыруға бағытталған әдіс-тәсілдер қолданылып, интерактивті элементтер мен сұрақ-жауап форматы оқыту динамикасын күшейтіп, білім алушылардың қызығушылығын арттырды. Өндірістік іс-тәжірибеде болашақ маман кәсіби құзыреттілігін көрсетіп, педагогикалық шеберлігін дамыта түсті.

Сабақ барысында оқытушы-профессорлар құрамы жас маманға оқу үдерісін дербес жоспарлап, педагогикалық жауапкершілікті сезіну үшін әдістемелік қолдау көрсетті. Ашық сабақ қорытындысында студенттің мектеп жағдайында еркін жұмыс істей алу қабілетін, педагогикалық әрекеттерді нақты жағдайларға бейімдеп қолдана білу шеберлігі айқындала түсті.

Теория мен тәжірибе сабақтастығы – сапалы, біліктілік деңгейі жоғары педагог қалыптастырудың басты кепілі. Жас маманның кәсіби орнықтылығы, шығармашылық шешім қабылдау қабілеттері университеттің жүйелі және сапалы педагогикалық жұмысының нақты нәтижесі екені сөзсіз. 

«Abai University» медиа орталығы