МЕЙІРІМДІЛІК ОНКҮНДІГІ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Абай университетінде «Мейірім энергиясы – мәңгілік тренд!» ұранымен өткен мейірімділік декадасы өз жұмысын қортындылады. Он күнге созылған ауқымды жобаның жабылу рәсімінде «Еріктілік: мейірім миссиясы – мәңгілік тренд» атты республикалық семинар ұйымдастырылды. Мазмұнды жиынға Ұлттық волонтерлер фронт-офисінің сарапшылары, серіктес жоғары оқу орындарының өкілдері, университет оқытушылары мен студенттер қатысты.

Басқосу барысында меймандар «Мейірім» еріктілер клубының негізін қалаушы Гүлбахира Ширинбаеваның волонтерлік саланы дамытудағы қажырлы еңбегіне алғыс айтып, ізгі тілектерін білдірді. Педагогика және психология факультеті деканының орынбасары Ақтоты Ақжолова университет басшылығы тарапынан еріктілік бастамаларына әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді. Ол өз сөзінде волонтерлік қызметтің үлкен жауапкершілікті талап ететін, бірақ адамгершілік пен мейірімге толы ізгі жол екеніне тоқталып, ұйым жетекшісі мен белсенді студенттерге ризашылығын білдірді. Ал ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі Айман Берікханова мейірімділік миссиясын Абайдың «Толық адам» концепциясымен ұштастырып, жастарды рухани кемелдікке және игі істердің басында болуға шақырды.

Шараның арнайы спикері, Ұлттық волонтерлер фронт-офисінің сарапшысы Елена Амреева волонтерлік қозғалыстың даму тенденциялары туралы мазмұнды баяндама жасап, Қазақстандағы еріктілер жұмысын ілгерілету бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың докторанты Жазира Акимбаева еріктілік қызметтің қоғамдағы маңызы мен жастар тәрбиесіндегі рөліне жеке тоқталды.

Семинарда «Мейірім» клубының онкүндік аясында атқарған жұмыстарының нәтижесі жарияланды. Қайырымдылық шаралары университет қабырғасындағы жәрмеңкеден бастау алып, қалалық және облыстық деңгейдегі әлеуметтік нысандарда жалғасын тапқан болатын. Атап айтқанда, «ERZI» оңалту орталығында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық ойындар өткізіліп, ҰОС ардагерлері мен жалғызбасты қарттарға гуманитарлық көмек көрсетілді. Сонымен қатар, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мерекелік бағдарламалар, жануарлар панажайлары мен құстарға қамқорлық көрсету және «Paperlife: қағазға өмір сыйла!» экоакциясы аясында «Карина Paper» компаниясымен бірлескен жобалар жүзеге асырылды.

Декада соңында ең үздік нәтиже көрсеткен және қоғамдық жұмыстарда ерекше белсенділік танытқан қатысушылар марапатталды. Бұл жоба жастардың азаматтық жауапкершілігін арттырып, еріктілікті өмір салтына айналдыруды көздейді. Мейірімділік миссиясы алдағы уақытта да университет өмірінің ажырамас бөлігі ретінде өз жалғасын таба бермек.

 

«Abai University» медиа орталығы