06.03.2026
КӘСІПОДАҚТЫҢ БЕЛСЕНДІ МҮШЕЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні
қарсаңында Абай университеті оқытушы-профессорлар құрамының бір топ мүшесі Кәсіподақ
ұйымының мекемелік марапаттарына ие болды. Оларға салалық кәсіподақ жұмысына
елеулі сіңірген еңбектері үшін Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыс етілді.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және
жоғары білім қызметкерлерінің салалық
кәсіптік одағы дәстүрлі түрде мемлекеттік және ұлттық мерекелерде
өз мүшелеріне қолдау көрсетіп, еңбектерін жоғары бағалап келеді. Халықаралық
әйелдер күні мерекесіне орай тағы да кәсіподақ қызметіне еңбек сіңірген бірқатар
қызметкерлерін назардан тыс қалдырмады.
Университет басшылығы атынан бүгінгі
жиынды ашқан Зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан
өз ыстық ықыласын жеткізді.
– Әйел – тіршіліктің тірегі.
Қазақтың «Әйел – бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген
тәмсілі бар. Шынында өмірді көркем, көңілді көктем ететін нәзік жандылар.
Бүгінде арулар қоғамда, саясатта, ғылымда және т.б. салаларда табысты еңбек
етіп келеді. Абай университетінің де өркендеуіне әйелдер қауымы өлшеусіз үлес
қосуда. Баршаңызға айрықша алғысымды білдіріп, ризашылығымды жеткізгім келеді,
– деді проректор.
Абай университеті Кәсіподақ ұйымының
төрағасы Мұхтар Ибраимов белсенді оқытушы-профессорларға алғыс айтып, мерекелік
жылы лебізін білдірді. Ол кәсіподақ жұмысына белсенді қатысып жүрген әріптестерінің
еңбектерін ерекше атап өтті.
– Құрметті арулар, келе жатқан Халықаралық әйелдер күнімен
баршаңызды құттықтаймын! Университеттегі жұмысымыздың табысты, ұжымның бірлігі
жоғары болуына әрбіріңіз елеулі үлес қосып келесіздер. Сондықтан баршаңызға зор
денсаулық, отбасыңызға амандық және шығармашылық табыс тілеймін, – деді Мұхтар Ботабайұлы.
Іс-шара барысында Қазақстандық
оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы жұмысының дамуына үлес қосқан 70
қызметкерге Құрмет грамотасы, Алғыс хаттар мен гүл шоқтары табысталды.
«Abai University» медиа
орталығы