10.04.2026
АЙНҰР САБИТОВА «ПАРАСАТ» ОРДЕНІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ
12-сәуір Ғылым қызметкерлері күніне орай Алматыда ел
дамуына үлес қосқан ғалымдар мен зерттеушілер марапатталды. Қала әкімінің
орынбасары Абзал Нүкенов Абай университеті Сорбонна-Қазақстан институтының
директоры Айнұр Сабитоваға «Парасат» орденін табыстады. Бұл мемлекеттік награда
жоғары білім мен заң ғылымның дамуына сүбелі үлес қосқан үшін берілді.
Ғылым ордасында
өткен іс-шараға ғылыми қауымдастық өкілдері, жоғары оқу орындарының
қызметкерлері мен жас ғалымдар қатысты. Іс-шара аясында «Ғалымдар аллеясында»
ағаш егу рәсімі өтті. Сонымен қатар медицина, биотехнология, генетика және
археология салаларындағы ғылыми әзірлемелер мен инновациялық жобалардың көрмесі
ұйымдастырылды. Жиынды алғы сөзбен ашқан Алматы қаласы әкімінің орынбасары
Абзал Нүкенұлы қоғамның тұрақты дамуы ғылымның күш-қуатына байланысты екенін
атап өтті.
«Ғылым әрқашан прогрестің қозғаушы күші, жаңа
идеялар мен технологияның қайнар көзі, қоғамның тұрақты дамуының негізі.
Бүгінде дәл ғылыми жетістіктер қалаларымыз бен еліміздің болашағын айқындайды», – деді қала әкімінің орынбасары.
Іс-шара аясында
ғылыми қауымдастық өкілдерінің еңбегі бағаланды. Бірқатар зерттеуші ғалымдар
мен жоғары оқу орнының оқытушы-профессорларына мемлекеттік наградалар мен
ведомстволық марапаттар берілді. Оның ішінде жоғары білім мен заң ғылымның
дамуына сүбелі үлес қосқаны үшін заң ғылымдарының докторы, профессор Айнұр Әлімханқызы
«Парасат» орденімен марапатталды.
Айта кетейік,
Айнұр Сәбитова – Сорбонна-Қазақстан институтының директоры, халықаралық құқық
саласының білікті маманы, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі
комиссия төрағасының орынбасары. Аталған марапат 12-сәуір Ғылым қызметкерлері
күніне орай табысталып отыр.
«Abai University» медиа
орталығы