Абай университеті ерлігі үшін екі студентке алғысын білдірді

Бүгін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Бану Нарбекова отбасы мүшелерін өртеніп жатқан үйден аман алып, «Өрттегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған университет студенттері – ағайынды Нұрасыл Әлімтаев пен Ернар Тұрғындармен кездесті. Ерліктері үшін оларға Басқарма төрағасы – ректор Болат Тілептің арнайы Алғыс хаты табыс етілді.


«Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті өрт кезінде көрсеткен ерлігіңіз бен қаһармандығыңызға шын жүректен ризашылығын білдіреді.Сіздің шапшаң және жанқиярлық әрекеттеріңіз өзгелердің өмірін сақтап қалуға орасан зор үлес қосты.Өрттен зардап шеккен отбасына көрсеткен көмегіңіз сіздің жеке ерлігіңізді ғана емес, сонымен қатар жоғары адамгершілік қасиеттеріңізді және жауапкершілікті сезінуіңіздің баршаға үлгі екенін көрсетеді!». — деді Бану Нарбекова.


Еске салайық, 2 наурызда Алматының Жетісу ауданындағы тұрғын үйлердің бірінде өрт шыққан болатын. Қою түтін мен жалынға қарамастан студенттер тез арада 112-ге хабарласып, кейін жанып жатқан ғимараттан адамдарды алып шықты. Көмексіз қалған 64 жастағы әйел, сондай-ақ 17 және 6 жастағы қыздар құтқарылды.


Бұл ерлікті Төтенше жағдайлар министрлігі ерекше атап өтіп, студенттерді «Өрттегі ерлігі үшін» медалімен марапаттады.


Айта кетерлігі, өнер факультетінің 4 курс студенті Нұрасыл Әлімтаев пен дене шынықтыру және спорт факультетінің 3 курс студенті Ернар Тұрғын өз өмірлерін қатерге тігіп, әлеуметтік жауапкершілік пен батылдықтың жарқын үлгісіне айналды.