ЖАСАЙ БЕР, АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ! – Нұрдәулет АҚЫШ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

Мектеп бітірген соң, жөнін, ретін білмегендіктен, мен жоғары оқу орнына түсе алмай қалдым. Содан кейін қыстай дайындалып, келесі жылы филология факультеті бар екенін естіп, соған бет бұрдым. Сол кездегі мақсатым – қазіргі Абай атындағы университетке, ол кезде Абай атындағы пединститутқа түсу еді.

Ақыры ойлана келе, ҚазПИ-дің филология факультетінің қазақ бөліміне құжат тапсырдым. Бірінші жазбаша емтиханнан өттім. Екінші кезеңге келгенде, емтихан тапсырушылардың көбі алдын ала дайындалып, өздеріне сенімді отырғандай көрінді.

Қабылдау комиссиясының төрағасы Серік Қирабаев ол кезде қабағы қатулау, жастау кезі екен. Сол кісінің алдына барып, қасындағы Күлтай апайға қазақ тілінен жауап бердім. Ол кісі мені Қирабаевқа қарай бағыттады.

Сұрақтар мен үшін аса қиын болған жоқ. Сәбит Дөнентаевтың өлеңдері мен тағы бірнеше шығармадан жатқа айту талап етілді. Мен екі өлеңді де мүдірмей айтып бердім. Жалпы, сұрақтардың бәріне жақсы жауап бергендей болдым. Бірақ мені ең көп толғандырғаны – емтихан алушылардың жүзіндегі ишара еді.

Кейін білсем, ол кезде қарсы алдымда отырған кісі – кейін өзімнің ұстазым болған Серік Қирабаев екен. Ол кісі қасындағы апайға бұрылып:

– Гүлеке, байқадыңыз ба, бағанадан бері абитуриенттердің жағдайын? Мына бала – біздің кадр екен. Айрылып қалмайық, – деді.

Екеуі ақылдасып, соңында менің емтихан қағазыма «5» деген баға қойып берді.

Есік алдына шыққанда, қаптаған халық, ата-аналар, кезек күткен абитуриенттер тұр екен. Екі студент қолымдағы қағазды көріп, жұлып алды. Бірі қарап:

– Ой, мына балаға Серік Қирабаев 5 қойыпты! Қараңдаршы! – деп қағазды жоғары көтерді.

Екіншісі болса:

– Қирабаев 5 қойса, бітті, оқуға түсесің, – деді сенімді түрде.

Мен болсам:

– Әлі бір емтихан бар ғой, – деп едім.

– Жоқ, оған қарамайды. Қирабаевтың қолы – бітті деген сөз, – деді олар.

Сол күйі сыртқа қарай ақырын аяңдап шығып бара жаттым. Жұрттың бәрі маған қарап тұрғандай сезілді: біреулер құттықтап жатыр ма, әлде күтіп тұрған ба – белгісіз. Бірақ жанымда ешкім жоқ, жалғыз өзім болсам да, іштей қуанып келе жаттым.

Оқуға түскен соң, бізге дәріс берген ұстаздар көз алдымнан әлі кеткен жоқ. Қазақ тілінен – Бәйтікова, Оралбаева, Мұсабекова; қазақ әдебиетінен – Шайқы Кәрібаев, Нығмет Ғабдуллин, Төкен Әбдірахманов, Серік Қирабаев, Хасен Әбдібаев сынды ұстаздар сабақ берді.

Ол кезде КПСС тарихы негізгі пәндердің бірі болатын. КПСС – Кеңес Одағы Коммунистік партиясы. Идеология бәрінен жоғары тұратын уақыт еді. Алғашқы тарих сабағын Әбдіәшім Оспанов берді. Кейін философия, атеизм, шет тілі, дүниежүзілік және орыс әдебиеті пәндерінен түрлі ұстаздар дәріс оқыды. Олардың көбі жадымда сақталып қалды.

Біз сол білімнің арқасында оқуды жақсы аяқтадық. Ұстаздарымыздың еңбегі – өмір бойғы жолымызға негіз болды. Қазір жасымыз ұлғайса да, сол кісілерге деген алғысымыз шексіз.

Жасай берсін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті!

 

Нұрдәулет АҚЫШ,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақстанның Құрметті жазушысы,
филология ғылымдарының докторы