ТҰЛҒА ТӘРБИЕЛЕЙТІН ҰСТАЗДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРАМЫЗ

Болат ТІЛЕП, Абай атындағы ҚазҰПУ
КеАҚ Басқарма төрағасы – Ректоры:

Қазіргі білім беру жүйесінде ғылым мен өндіріс арасындағы алшақтық, жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингтердегі орны, цифрландырудың әсері және педагог кадрларды даярлау мәселелері өзекті болып отыр.

Мамандар университеттердің тек білім беру емес, ғылыми-зерттеу орталығы ретінде дамуы қажет екенін атап өтеді. Сонымен қатар цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект оқу процесін жаңа деңгейге көтергенімен, оның шектеулері де бар. Карантин кезеңі қашықтан оқытудың тиімділігі мен кемшіліктерін айқын көрсетті.
Білім саласында мұғалімнің тәрбиелік рөлі мен дәстүрлі офлайн оқытудың маңызы да сақталуы тиіс. Ал жастардың шетелде білім алуға ұмтылысы сапалы білімге қол жеткізу және жеке даму мүмкіндіктерін кеңейту қажеттілігімен түсіндіріледі. Осы орайда Абай атындағы ҚазҰПУ КеАҚ Басқарма төрағасы – Ректоры Болат ТІЛЕП білім беру жүйесіндегі қазіргі өзгерістер мен болашақ даму бағыттарын саралап, сұқбат берді. 

– Болат Анапияұлы, білім мен ғылымға басымдық берілген жаңа кезеңде біз сапаға шын мәнінде көтеріле алдық па, әлде формаға ғана мән беріп отырмыз ба?

– Алдымен «сапалы білім» ұғымын нақтылап алуымыз керек. Университет қабырғасында студенттің жан-жақты, сапалы теориялық білім алып шығуына мүмкіндік бар. Алайда еңбек нарығына шыққанда сұранысқа сай болмай, бәсекеге қабілетсіз болып жататындары да кездеседі. Сондықтан бүгінгі таңда білім сапасы – түлектің өз мамандығы бойынша алған білімін еңбек нарығында тиімді қолдана алуымен өлшенеді. Өкінішке қарай, өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтін түлектердің саны да аз емес. Бұл жерде тек университетті кінәлау дұрыс емес. Мәселе бірнеше себептен тұрады. Соның бірі – білім бағдарламаларының өзектілігі. Бұл, әрине, университеттің жауапкершілігі.
Жалпы мен білім сапасы екі негізгі факторға тәуелді деп есептеймін. Біріншісі – университеттің инфрақұрылымы. Студентке сапалы білім алуға қолайлы орта керек. Университет – төрт жыл бойы студент өмірінің маңызды кезеңі өтетін кеңістік. Сондықтан заманауи аудиториялар, техникамен жабдықталу, зертханалық база, студенттердің бос уақытын тиімді өткізетін орындар (коворкинг, клуб, студия, акт залы) – бәрі маңызды. Екінші – профессор-оқытушылар құрамының сапасы. Білім бағдарламаларын кім дайындап, кім оқытады? Әрине, оқытушылар. Кафедра – университеттің алтын өзегі, барлық білім бағдарламалары сол жерде қалыптасады.

Бағдарламалардың еңбек нарығына сәйкестігі де оқытушылардың біліктілігінен. Кадр іріктеуде нақты талаптар мен KPI жүйесін енгізу маңызды. Бұл жерде басты мәселе – білікті мамандарды тарту. Ол үшін лайықты жағдай қажет: ең алдымен жалақы, сосын әлеуметтік қолдау. Университет осы екі бағытты – инфрақұрылым мен кадр сапасын қамтамасыз етсе, білім сапасы айтарлықтай артады. 

Ал жалпы білім сапасына келсек, соңғы уақытта бұл мәселе жиі талқыланып жүр. Мысалы, түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткішін қазір «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізеді. Абай университеті педагогикалық бағыттағы оқу орны болғандықтан, негізгі түлектеріміз – мұғалімдер. «Атамекен» дерегі бойынша жұмысқа орналасу деңгейі 78-80%, ал біздің есеп бойынша – шамамен 95%. Себебі біз магистратура мен докторантураға түскен түлектерді де есепке аламыз.

Қазіргі таңда педагог мамандарға сұраныс жоғары. Дегенмен педагог мамандарға мектеп тарапынан да сын бар. Әсіресе 2-3 жыл бұрын түлектердің дайындық деңгейіне қатысты сұрақтар жиі көтерілді. Бұл тек біздің университетке емес, жалпы республика деңгейіндегі мәселе.

Мұның бір салдары – талапкердің мектептегі деңгейінде жатыр. Мектептегі білім әлсіз болса, университет бағдарламасын толық игеру қиын. Сондықтан мектеп пен жоғары оқу орны бір-бірімен тығыз байланысты. Яғни бірін-бірі сынайтын емес, бірлесіп шешетін мәселе. Осы орайда орта мектептермен байланысты күшейттік. Студенттердің педагогикалық тәжірибесін 3 айдан 7 айға дейін ұзарттық, ал болашақта оны толық бір оқу жылына жеткізуді жоспарлап отырмыз. Түсінген жанға, бұл ­– майдан қыл суырған нәзік дүние. Өйткені болашағын ұлт тәрбиешісі болумен байланыстырған шәкірт диплом алғанда тәжірбиесі бар маман ретінде дайын тұрады. Қазірдің өзінде аталған тәжірибе оң нәтиже беріп жатыр. Студент орта мектепке ерте бейімделіп, теориялық білімін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік алады. Биылдың өзінде студенттеріміздің қатысуымен 2000-нан астам ашық сабақ өткізілді.

Сонымен қатар білім бағдарламаларының да рөлі зор. Мысалы, университет үш жыл бұрын финдік модель негізінде, Дүние­жүзілік банктің қолдауымен 30 инновация­лық бағдарлама әзірледі. Оның 11-і Абай университеті оқытушыларының қатысуымен жасалды. Осы бағдарламамен оқып жатқан студенттердің деңгейі бұрынғылармен салыс­тырғанда жоғары екенін мектеп мұғалімдері де растайды. Сондықтан бұл бағыттан үлкен үміт күтеміз.

– Оқу бітіргеннен кейін өз мамандығы бойынша жұмыс істемеген түлектерден грант ақысын қайтару туралы талапқа көзқарасыңыз қандай?

– Бұл мәселе әлі де талқылану үстінде. Абай университетінде өз мамандығы бойын­ша жұмыс таппай, грант қаражатын қайтарған бірде-бір түлек жоқ. Жалпы мемлекет бөлген қаражат экономикалық тұрғыдан қайтарым беруі тиіс. Алдымен грантта оқыған түлек өз еңбегі арқылы сол шығынды өтеуі керек. Өйткені оны оқытуға тек оқу процесі ғана емес, оқытушылардың еңбекақысы, инфрақұрылым, коммуналдық шығындар сияқты көптеген мемлекеттік ресурстар жұмсалады. Егер түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемесе, бұл қаражаттың тиімсіз пайдаланылғаны. Бұл қоғамда да сұрақ туғызады. Дегенмен менің жеке пікірім – бұл шығынды тікелей түлектің өзінен де талап ете бергеннен гөрі, керісінше, мәселенің себебін тереңірек қарастыру қажет: неге ол маман еңбек нарығында өзін таба алмады? Мұндағы басты мәселе – мемлекеттік гранттарды тиімді бөлу жүйесінде жатыр. Әр өңірдің нақты қажеттілігіне қарай, сұранысқа ие мамандықтарға басымдық берілуі тиіс. Сонда ғана мемлекет бөлген қаражат өз нәтижесін береді.

Тағы бір маңызды дүние бар, көп жағдайда жастар өз қалауын емес, ата-анасының таңдауын орындайды. Диплом алған соң басқа салаға кетуге мәжбүр. Бұл – өте күрделі мәселе. Сондықтан оны кешенді түрде қарастырған абзал.

– Жасанды интеллект қарқынды дамыған тұста адам тәрбиелейтін педагогтің рөлі өзгере ме, әлде оның жауапкершілігі бұрынғыдан да күшейе түсе ме?

– Екеуі де. Неге? Біріншіден, жасанды интеллектіні жалаулатып, кез келген жерге орынсыз қолдана беру дұрыс емес. Оны ең алдымен технологиялық жаңалық ретінде қабылдап, әр саладағы мәні мен мүмкіндігін дұрыс түсінуіміз қажет. Мәселен, білім беру саласында, әсіресе мектептегі мұғалім үшін жасанды интеллект – ең алдымен көмекші құрал. Қазірдің өзінде қоғамда бұл бағытта сұрақтар туындап жатыр. Мысалы, оқушы үй тапсырмасын қалай орындайды? Көп жағдайда «ChatGPT» және басқа да жасанды интеллект құралдарының көмегіне жүгінетіні жиілеп келеді.

Бұл мәселе тек мектепте ғана емес, университеттерде де бар. Студенттердің жасанды интеллект мүмкіндіктерін дұрыс пайдаланбауы – өзекті мәселе. Біз бұл технологияны оқу үдерісіне енгізуді ертерек бастап кеттік. Қазір барлық студенттеріміз арнайы AI сауаттылық бағдарламасы бойын­ша білім алып жатыр. ЖИ-ді қолданудың этикалық талаптарын университет деңгейінде ресми түрде бекіттік. Онда ЖИ-ді қолдану жағдайы мен шектеулері нақты көрсетілген. Осы ережелер негізінде жұмыс істеп келеміз.

Ал мектептердегі жағдай біршама өзгеше. Мұнда басты міндет – балаға алдымен ЖИ-ді дұрыс қолдануды үйрету. Ол үшін мұғалімдердің өзі осы технологияны меңгеруі қажет. Сондықтан біз осы бағытта жұмыс істей алатын педагог кадрларды даярлауға басымдық беріп, биыл Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетін ашуды жоспарлап отырмыз. Басты мақсат – мектепке ЖИ технологияларын енгізе алатын білікті мұғалімдерді даярлау.

Жасанды интеллект педагог үшін зор жауапкершілікті талап етеді. Себебі ЖИ-ді пайдаланып оқыған баладан ертең қандай маман шығатынын дәл айту қиын. Менің ойымша, мектептегі басты нәтиже – баланың ойлау қабілетінің дамуы. Логикалық тұрғыда ойлау, сараптау, талдау – мұның бәрі бастауыш сыныптан қалыптасатын дағдылар. Егер біз осы функцияларды толықтай ЖИ-ге беріп қойсақ, онда ертеңгі күні ойлау қабілеті әлсіз ұрпақ шығу қаупі бар.

– Қазақ тілінің ғылым мен жоғары білімдегі орны туралы көп айтамыз. Іс жүзінде қандай нақты өзгеріс қажет деп санайсыз?

– Иә, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде бүгінде гуманитарлық салада өз орнын тапқан. Әдебиет, тарих, мәдениет бағыттарында қазақ тілінің позициясы берік. Алайда негізгі мәселе – қазақ тілін ғылым мен техника тіліне айналдыру. Нақты ғылымда жағдай басқаша. Қазақ тілі ғылым мен техника тілі болуы үшін ең алдымен техникалық салаларда ана тіліміздде диссертациялар жазылуы керек. Оқу құралдары, монографиялар, ғылыми жобалар көбейуі тиіс. Жақында ғана біз ғылыми кеңесте 365 беттен тұратын математикалық есептер жинағын бекіттік. Ол толықтай қазақ тілінде, жоғары деңгейде жазылған оқу құралы. Осындай еңбектерді инжинерия, сәулет және басқа да техникалық бағыттарда көбейткен жөн. Жалпы жаратылыстану және нақты ғылымдар саласында қазақ тіліндегі контентті арттыру – басты міндет. Оның ішінде ғылыми мақалалар, зерттеулер, жобалар жүйелі түрде көбейсе, қазақ тілі ғылым мен техника тіліне айналуға толық мүмкіндік бар.

– Осы ғылым мәселесінде, ғалымдардың еңбектері көбіне жазбаша күйінде қалып қойып жатыр. Оны өндіріске айналдыру мәселесі туралы ойыңыз қандай?

– Жуырда бұл мәселені Мемлекет басшысы да нақты атап, псевдонауадан арылу қажеттігін айтты. Дегенмен бұл жерде өз міндетін атқарып отырған ғалымдар да бар. Бірақ олардың бір бөлігі қағаз күйінде архивте қалып, өндіріске енгізілмей жатыр. Себебі өндіріс тарапынан нақты сұраныс жеткіліксіз, байланыс әлсіз. Қазіргі таңда өндіріс жекеменшік сектордың қолында. Олар ғылыммен енді ғана жүйелі түрде байланысқа көшті. Ғылым академиялары мен ғылыми көрмелердің қайта жандануының арқасында отандық ғылыми жобаларға қызығушылық артып келеді. 

Мысалы, біздің университетті алсақ, 2018 жылы Еңбекшіқазақ ауданынан 40 гектар құнарлы жер агробиостанция салу үшін бөлінген. Химия, биология, ботаника саласының ғалымдарын сол жерге апарғанымда, олар агробиостанция салынып, студенттердің далалық практикадан өтуіне және ғалымдардың зерттеу жүргізуіне жағдай жасалса, көптеген ғылыми жобалар іске асар еді деді. Абай университетінде алма мен алмұрттың жаңа сорттарын шығару, өсімдік өнімін арттыру технологиялары бойынша қорғалған жобалар жеткілікті. Халықаралық деңгейде жасалған бірлескен зерттеулер де бар. Бірақ олардың бір бөлігі тәжірибелік база болмағандықтан іске аспай, архивте қалып қойған. Сол себепті өткен жылы жаңа Агробиостанция құрылысын ашып, тұсауын кестік, биылдан бастап алғашқы тәжірибелік жұмыстар жүргізіледі. Бұл – ұзақ жылдар бойы іске аспай келген ғылыми жобаларды өндіріске жақындатудың нақты қадамы.

– Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 100 жылдық белесі – есеп беру ме, әлде жаңа бағыт айқындау кезеңі ме?

– Бұл әрі есеп беру, әрі жаңа бағытты айқындау кезеңі. «Абай ­– дана қазақта, Абай университеті – дара қазақта» дегендей, ұлы хәкімнің атын иеленгеннен кейін біз осы атқа лайық болуымыз керек. Университеттердің көп екені, ал Абай университетінің тұңғыш екені – анық. Абай – адамзат үшін, Абай университеті – қоғам үшін қызмет ете бермек. Біз
– Тұлға ғана емес, тұлға тәрбиелейтін Ұстаз қалыптастастырамыз. 

Рас, өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ. Сондықтан 100 жылдықты тек мерейтой ретінде емес, еліміздің жоғары білім жүйесінің тарихи белесі ретінде қарастыру керек. Себебі бұл – еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны, барлық университеттердің бастауы. 

Университеттің негізін қалауда Алаш зиялыларының еңбегі зор. Санжар Асфендияров – алғашқы ректоры, оған Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедов, Әлімхан Ермеков, Сәкен Сейфуллин сияқты тұлғалар қолдау көрсеткен. Осы уақыт ішінде университет 250 мыңнан астам мұғалім дайындап шығарды, еліміздегі мектептердің басым бөлігінде біздің түлектер жұмыс істейді. Дегенмен даму бағытымызды кенже қалдырмай, болашақты да айқындауымыз қажет. Өйткені қазір әлемде білім экономикасы қалыптасты, бәсекелестік жоғары. Осы талаптарға сай болуымыз керек. Бүгінде университет тек педагогтерді ғана емес, өзге бағыттағы кадрларды да даярлайды, студенттердің шамамен 30 пайызы педагогикалық емес мамандықтарда оқиды.

Алдағы мақсат – 2029 жылға қарай Орталық Азиядағы алғашқы педагогикалық зерттеу университеті мәртебесіне жету. Бұл үшін ғылыми әлеуетті тек қолдау емес, жүйелі түрде дамыту қажет. Қазіргі талап айқын: ғылым бар болса, ол экономикаға жұмыс істеуі тиіс. Осы бағытта нақты нәтиже көрсетіп, қойылған міндеттерге қол жеткізу басты мақсатымыз.

– Әлемдік рейтингтердегі жетістік – бедел ме, әлде білім сапасының нақты көрсеткіші ме?

– Мұны әркім әрқалай түсінеді. Менің ойым­ша, университет үшін әлемдік рейтингке ену – түпкі мақсат емес. Бірақ рейтингтерге қатысу ең алдымен ЖОО-лардың әлсіз тұстарын көрсетеді, яғни ішкі талдау жасауға мүмкіндік береді. Рейтинг дегеніміз – бірнеше көрсеткіштер бойынша жасалатын тәуелсіз сараптама болғандықтан, біз рейтингтерге қатысқанда қай бағытта кемшілік бар, соны білеміз, реттейміз. Сол кемшіліктерді түзету үшін бұл жүйенің маңызы зор.

Әлемде беделді екі негізгі рейтинг бар – QS World University Rankings және Times Higher Education. Екеуіне де қатысамыз, себебі қазіргі заманда әлемдік білім кеңістігінен тыс қалу мүмкін емес. Мәселен, Абай атындағы ҚазҰПУ жақында ғана әлем бойын­ша педагогикалық университеттер ішінде 41-орынға көтеріліп, Орта Азия мен елімізде көшбасшы екенін дәлелдеді. Бұл біз үшін ғана емес, отандық білім беру саласы үшін зор мақтаныш.

Басқа елдердің, әсіресе алдыңғы қатарлы университеттердің тәжірибесін үйрену – маңызды процесс. Бұл олардың жүйесін толық көшіру деген сөз емес, керісінше, өз отандық білім беру моделімізді дамытудың бір жолы. Сондықтан рейтингтің бәсекелестік қырынан гөрі танымдық және даму құралы ретіндегі мәні жоғары.

– «Цифрлық педагог» даярлау – заман талабы. Бірақ цифрландыру мен адамгершілік құндылықтардың ара салмағын қалай сақтаймыз?

– Бұрын Ақтөбе облысында «цифрлық мұғалім» атты пилоттық жоба жүзеге асқан еді. Оның мақсаты – қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту. Мықты мұғалімдердің немесе репетиторлардың онлайн сабақтарын ауыл мектептеріне жеткізу арқылы білім теңдігін қамтамасыз ету көзделді. Бұл – дұрыс идеядан туған жоба.

Дегенмен жалпы цифрлық педагогика мен цифрлық мектеп мәселесіне сақтықпен қарау қажет. Цифрлық құралдарды қолдану маңызды болғанымен, ол адамның бергенін бере алмайды. Осыған байланысты өзіме қатысты бір жағдай есіме түседі. Ұлым үшінші сыныпта оқып жүрген кезде таңертең мектепке барғысы келмей, «болашақта мектептер цифрлық форматқа көшеді, бәрін онлайн оқимыз» деген ой айтты. Расында, технология дамыған сайын мұндай сценарий мүмкін сияқты көрінеді. Бірақ мен оған мектептің басты миссиясы тек білім беру емес екенін түсіндірдім.

Мектептің ең басты қызметі – тәлім-тәрбие беру. Осындайда әл-Фарабидің «Тәрбие­сіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген сөзі еріксіз еске түседі. Ұстазды ешбір электрондық құрылғы толық алмастыра алмайды. Мұғалімнің міндеті – тек ақпарат беру емес, баланы ойлауға, жақсы мен жаманды ажыратуға, адам болуға үйрету. Бұл – мектептің негізгі құндылығы.

Әрине, цифрлық оқытудың тиімді тұстары бар. Ол қосымша білім беру, репетиторлық бағытта немесе ауыл мен қала арасындағы білім теңдігін қамтамасыз ету үшін өте қажет. Бірақ қандай жағдайда да бір педагогтің рөлі мен адами фактор жоғалмауы тиіс.

– Жалпы цифрлық, онлайн білім беруде барлық бала бірдей игеріп кете алмайтыны белгілі. Карантин кезеңі дәстүрлі оқытудың артықшылығын көрсеткен жоқ па? Сол уақыттан кейін білім сапасы төмендеді деген пікірмен келісесіз бе?

– Дұрыс айтасыз. Бірақ ең алдымен онлайн оқыту мен цифрлық оқытуды ажыратып алу керек, бұл екеуі бір ұғым емес. Университет тәжірибесінде мысалы цифр­лық технологиялар арқылы жасалған лекция­лар жүйесі қолданылады. Ірі ғалымдардың барлық аудиторияда бірдей сабақ беруге мүмкіндігі болмағандықтан жазып алып, студенттерге қосымша ресурс ретінде ұсынылады. Студент өзіне ыңғайлы уақытта пайдаланады. Бұл кредиттік жүйе жағдайында өте тиімді, студент өзі қалаған профессордың дәрісін таңдауға ерікті.

Ал карантин кезіндегі тәжірибе көрсеткендей, онлайн оқытудың білім сапасында әсері төмен. Бағалау нәтижелері де соны көрсетті. Дегенмен бұл формат кейбір бағыттарда тиімді. Әсіресе ІТ, инженерлік және техникалық мамандықтар үшін, өйткені олардың кәсіби қызметі цифрлық ортаға жақын. Сонымен қатар педагогикалық және медициналық бағыттарда онлайн және қашықтан оқытуға шектеу қойылған. Бұл карантин кезеңіндегі тәжірибенің нәтижесі. Бұл салаларда офлайн оқыту – міндетті шарт. Мұғалім мен дәрігер – тікелей адами қарым-қатынасқа негізделген мамандықтар.

Педагог кадрларды даярлау мәселесінде де маңызды бір ой бар: мұғалім тек теорияны білетін маман емес, ол – коммуникатор. Сондықтан оны бағалау кезінде ауызша емтиханның рөлі жоғары болуы керек деп ойлаймын. Оның сөйлеу мәдениеті, ойды жеткізу қабілеті, аудиториямен жұмыс істеу дағдысы дәл сол форматта көрінеді.

– Бүгінгі студент – ертеңгі қоғамның айнасы. Қазіргі жастардың бойынан сізді алаңдататын және үміттендіретін қандай қасиеттерді байқайсыз?

– Менің жұмыс кестемде студенттермен кездесулер жиі өтеді. Факультеттерді аралап, студенттермен ашық әңгіме жүргіземін. Байқағаным – студенттер өз ойын ашық айтуға мүмкіндік берілген жағдайда өте еркін сөйлейді. Бұл – жүйенің ашықтығын көрсетеді.

Студенттердің университет өміріне, оқу үдерісіне, әлеуметтік жағдайларға қатысты нақты пікірлері бар. Сол себепті біз студенттік өзін-өзі басқару жүйесін жаңғырттық. Әр факультетте студенттік декандар, кейін студенттік ректор сайланды. Қазір мен олармен апта сайын кездесіп, барлық мәселелерді бірге талқылаймыз. Бұл жүйе жатақхана мәселесі, оқу сапасы, әлеуметтік жағдайлар сияқты сұрақтарды жедел анықтауға мүмкіндік береді. Суицид, лудомания, наркомания сияқты әлеуметтік тәуекелдердің алдын алуға да ықпал етеді. Яғни студенттердің өз ортасын өздері бақылауы маңызды рөл атқарады.

Жастардың тағы бір ерекшелігі – олардың индивидуалистік ойлау бағытының күшеюі. Яғни әрқайсысы өз әлемінде өмір сүруге бейім. Бұл бір жағынан дамуға, өзін-өзі жетілдіруге көмектеседі. Бірақ екінші жағынан корпоративтік мәдениеттің әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Бұрынғы буында ұжымдық ойлау басым болса, қазіргі жастарда ол әлсіреп бара жатқандай. Бұл болашақта қоғамдағы өзара қолдау, бөлісу, ортақ жауапкершілік сияқты құндылықтарға әсер етуі мүмкін. Сондықтан жеке даму мен ұжымдық мәдениеттің арасындағы тепе-теңдікті сақтау өте маңызды.

– Жастардың шетелге ұмтылуы – білім іздеу ме, әлде ел ішіндегі мүмкіндіктердің шектеулілігінің көрінісі ме?

– Жоқ, оны ел ішіндегі мүмкіндіктердің шектеулігі деп айту дұрыс емес деп ойлаймын. Қазіргі таңда Қазақстанда да сапалы білім алуға толық мүмкіндік бар. Шетелдік университеттердің филиалдары ашылып жатыр, сонымен қатар өзіміздің жоғары оқу орындарымыз да халықаралық деңгейге жақындап келеді. Әлемдік стандарттарға сай жұмыс істейтін жоғары оқу орындары да бар.

Жастардың шетелге кетуінің басты себебі – олардың жеке ізденісі. Мұнда екі негізгі фактор бар. Біріншісі – кез келген саналы жас адамның өз бетінше өмір сүруге, жаңа ортада қалыптасуға деген табиғи ұмтылысы. Екіншісі – білім сапасына деген талғам. Яғни ең үздік университеттерде оқу, мықты ортада болу ниеті.
Қоғамда «шетелге кеткен жастар қайтып келмейді» деген алаңдаушылық жиі айтылады. Бірақ мен бұған аса қорқатын мәселе ретінде қарамаймын. Әл-Фарабиден бастап көптеген ғалымдарымыз шетелде білім алған. Егер адамның жүрегінде елге деген сүйіспеншілік болса, ол қайда жүрсе де өз Отанына қызмет етеді. Әрине, керісінше, елмен байланысын үзетін адамдар да кездеседі. Бірақ оларды мәжбүрлеп ұстап қалу да дұрыс емес. Егер адам мықты білім алып, өзін дамытып жатса, бұл – керісінше қоғам үшін де пайдалы.

Дегенмен менің жеке пікірім – бакалавриат кезеңін, яғни 18 жасқа толғаннан кейін­гі алғашқы жоғары білімді ел ішінде алған дұрыс. Себебі дәл осы төрт жылда тұлғаның ортасы қалыптасады, өмірлік достары мен құндылықтары бекиді. Бұл оның елмен байланысын нығайтатын маңызды кезең. Ал магистратура мен докторантураны шетелде оқу – өте орынды таңдау. Себебі ол кезде адам өзінің бағытын нақтылап, ғылыми ­немесе кәсіби деңгейде терең ізденіске дайын болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ