07.04.2026
САЯТ ҚАМШЫГЕРМЕН ӘДЕБИ-ТАНЫМДЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Бүгін Абай университетінде ҚазҰПУ түлегі,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, ақын
әрі аудармашы Саят Қамшыгермен әдеби-танымдық кездесу кеші өтті. Кездесуге
Алматы қаласындағы №215 «Келешек» мектебі мен №81 мектеп-гимназиясының
ұстаздары мен оқушылары, университеттің оқытушы-профессорлар құрамы және
студенттер қатысты.
Іс-шараның алғы сөзін Филология
факультеті қазақ тілі теориясы және оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі,
филология ғылымдарының докторы, доцент Нағима Ильясова сөйледі. Ал Түлектер
қауымдастығының жетекшісі Болатбек Нұрбатыров Саят Қамшыгерді Түлектер
қауымдастығының ресми мүшелігіне қабылдап, арнайы сертификатты табыстады.
Сондай-ақ университет түлектерінің академиялық және қоғамдық бастамаларға
белсенді атсалысуы жоғары бағаланатынын атап өтті.
Кездесуде Саят Қамшыгер өзінің
шығармашылық жолы мен аударма саласындағы еңбектері туралы кеңінен әңгімеледі.
Ақынның бұл саладағы алғашқы еңбегі - башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтің
«Тастамашы, ана!» («Не оставляй, мама!») атты кітабы. Елімізде аталған шығарма
желісі негізінде түсірілген «Тастамашы, ана!» атты көркем фильм ағымдағы жылдың
ақпан айында көрерменге жол тартқан болатын. Ақын бұл туындының қазақ тіліне
аударылу тарихын бөлісті.
«Бірнеше жыл бұрын Бакуде өткен
түркі ақын-жазушыларының байқауына барған едім. Фестивальге башқұрт халқының
жазушысы Айгиз Баймұхаметов те келді. Қайтатын шақта Айгиз шетелдік қонақтарға
орысшаға аударылған «Не оставляй, мама!» деген кітабын сыйлады. Үйге келген соң
кітапты оқып, бірнеше рет шығарманың оқиғаларына толқып, көз жасымды сығып
алған кезім де болды. Содан бұл кітапты қазақ оқырманы да оқуы керек деген
тұжырымға келдім. Аударма - өте күрделі жанр. Бір кітаптың көтерген жүгін өзге
тілде жеткізе білу керек. Шығарманың мазмұнын ғана емес, оның эмоциясын,
салмағын жеткізу маңызды. Башқұртстанда бұл шығарма жарық көргенде үлкен
резонанс туғызған. Туындыда баяндалған балалар үйі жабылып, директоры
қызметінен босатылып, педагогика саласында жұмыс істеуіне тыйым салынған екен.
Ал елімізде қазақша нұсқасы шыққан соң оқырмандар балалар үйінен бала асырап
алуға ниет білдіріп жатқанын естідім. Бұл кітап ең бірінші оқырманға ата-ананы
сыйлауды, олардың қадірін білуді үйретеді», – деді Саят Қамшыгер.
Ақынның айтуынша, бұл шығарма алғаш 2018
жылы 3000 тиражбен жарық көріп, қысқа уақыт ішінде үлкен сұранысқа ие болған.
Қазіргі таңда кітаптың таралымы 85 мың данаға жетіп, қоғамда кең таралып кетті.
Тағылымы мол әдеби-танымдық кеште белсенділік
танытқан оқушылар мен студенттерге аудармашы «Тастамашы, ана!» кітабын сыйға
тартты. Шара соңында қатысушылар тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, қаламгер
өз тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар кеш барысында ақын өз өлеңдерін оқып,
көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.
Айта кетейік, ҚР Мәдениет және
Ақпарат саласының үздігі, Жазушылар одағының мүшесі Саят Қамшыгер Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Филология факультетінде
білім алған. Әр жылдарда Алматы қаласының білім беру ұйымдарында мұғалім,
«Қайнар» университетінде аға оқытушы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
институтында ғылыми қызметкер болып еңбек еткен. Қазіргі таңда шығармашылыққа
бет бұрып, аударма саласында табысты еңбек етіп келеді.
«Abai University» медиа орталығы