13.05.2026
УНИВЕРСИТЕТ ТҮЛЕГІ MECENAT.KZ ӘДЕБИ СЫЙЛЫҒЫНА ИЕ БОЛДЫ
Ел руханиятына қолдау көрсетуге
арналған Mecenat.kz байқауының бесінші маусымы қорытындыланды. Бұл байқауда
Абай университетінің түлегі, белгілі қаламгер Есболат Айдабосын үздік деп
танылып, тәуелсіз әдеби сыйлықтың иегері атанды.
Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып
келе жатқан Mecenat.kz байқауы Қазақстан туралы жазылған үздік романды
анықтайды. Шығарма авторына Freedom Life компаниясы тарапынан өмір бойы ай
сайын 500 АҚШ доллары көлемінде қаржылай төлем жасауды көздейтін арнайы
сақтандыру полисі табыс етіледі. Отандық әдебиетті қолдауға бағытталған бастама
қаламгерлерге еркін шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік береді.
Биылғы бәйгеге 33 өтінім түсіп, оның ішінен
Есболат Айдабосынның «Бүкір» романы оқ бойы озып шықты. Шығармада автор жылқы
тағдырын негізге ала отырып, адамның қадір-қасиеті мен қоғамдағы әлеуметтік
теңсіздік мәселелерін терең толғайды. Ар-намыс пен парасат жолындағы күресті
суреттейтін туынды оқырман қауым мен әдебиет сыншыларының жоғары бағасын алды.
Байқаудың марапаттау рәсіміне
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рүстем Әли, Freedom Holding Corporation Бас
атқарушы директоры, жоба меценаты Тимур Турлов, бастама авторы Ерлан Асқарбеков
және белгілі қоғам қайраткерлері қатысты. Жиналған жұртшылық назарына бесінші
маусымның жаңашылдықтары туралы деректі фильм көрсетілді. Аталған жобаның
меценаты Тимур Турлов Mecenat.kz тәуелсіз әдеби сыйлығын салтанатты түрде
табыстады.
«Бүкір» романы – бүгінгі қазақ
прозасындағы соны соқпақ, соны ізденіс. Шығарманың арқауына айналған жылқы
тағдыры мен адам өмірінің астасуы – жазушы шеберлігінің айқын дәлелі. Автор
бұл туындысында сыртқы келбеті мен мүсініне қарап адамды алалайтын қоғамның
дертін аяусыз әшкерелейді. Мұндағы жылқы образы – еркіндіктің, тектіліктің және
тазалықтың символы. Романдағы оқиғалар желісі мен кейіпкерлердің ішкі монологі бүгінгі
қоғамның рухани диагнозы іспетті.
Естеріңізге сала кетейік, сәуір айында
Есболат Айдабосынның шығармашылығына байланысты өзі білім алған Абай университетінде студенттермен кездесу ұйымдастырылған болатын. Қазіргі қазақ
әдебиетінің бағыт-бағдары туралы емен-жарқын пікір алмасқан жүздесуде қаламгер туындыларынан хабардар жастар ірі байқауда оған қолдау білдіретінін жеткізген.
Абай университеті әрқашан өз түлектерінің жетістігін дәріптеп, олардың қоғам дамуына қосқан үлесін жоғары бағалайды.
Жазушы-журналистің өзі айтып өткендей, оның әдеби ортада мойындалуының бір ұштығында қара шаңырақтың да үлесін жатқаны анық. «Бүкір» шығармасы қазақ әдебиетінің алтын
қорына қосылған құнды қазына болары сөзсіз.
«Abai University»
медиа орталығы