06.05.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ «ЖАСЫН» БИ АНСАМБЛІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУДЫҢ ЛАУРЕАТЫ АТАНДЫ
Абай университетінің студенттерінен
құралған «Жасын» би ансамблі Есік қаласында өткен Қазақ биі фестивалі аясындағы
республикалық «Жұлдыз биі» конкурсында жоғары өнер көрсетіп, лауреат атанды.
Ұжым байқау барысында кәсіби шеберлігі мен ұлттық би өнерін насихаттаудағы
ерекшелігін айқын танытып, биік белесті бағындырды.
Байқауға қатысқан 21 биші Құрманғазы
Сағырбайұлының «Қызыл қайың» күйіне, Ақан сері Қорамсаұлының «Балқадиша» әніне
және Әбдімомын Желдібаевтың «Құрбылар» күйіне қойылған хореографиялық
қойылымдарды жоғары деңгейде сахналады. Әрбір би композициялық тұтастығымен,
сахналық мәдениетімен және орындаушылық шеберліктің үйлесімділігімен
ерекшеленіп, көрермендердің зор ықыласына бөленді. Сонымен қатар, ансамбльдің
әр нөмірі ұлттық болмысты заманауи сахналық шешімдермен ұштастыра білуімен қазылар
алқасының жоғары бағасына ие болды.
Байқау қорытындысы бойынша «Жасын»
би ансамблінің «Балқадиша» әніне қойылған би Гран-при жүлдесіне ие болып,
«Қызыл қайың» күйіне қойылған би І орын және «Құрбылар» күйіне негізделген
дуэттік би қойылымы да І орынға лайық деп танылды. Бұл жетістік – ұжым
мүшелерінің табанды еңбегі мен шығармашылық ізденісінің нәтижесі. Сондай-ақ би
ансамблінің жетекшісі Абай атындағы ҚазҰПУ-дың қауымдастырылған профессорының
м.а. Алмат Құмаржановтың кәсіби бағыт-бағдарының үлесі.
Айта кету керек, «Жасын» би ансамблі
бұған дейін де республикалық және халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шараларға
белсенді қатысып келеді. Атап айтқанда, екі жыл бұрын Өзбекстан Республикасының
Навои қаласында өткен Әйтеке бидің 380 жылдығына арналған мерекелік шарада өнер
көрсетіп, қазақ би өнерін халықаралық деңгейде лайықты дәріптеген болатын. Биыл
ұжым қатары бірінші курс студенттерімен толығып, жаңа тыныс алып, шығармашылық
әлеуетін одан әрі арттырды.
«Abai University» медиа орталығы