06.05.2026
ҰРПАҚҚА ҮЛГІ БОЛҒАН ТАҒЗЫМ
Абай
университетінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған «Ерлікке
тағзым» атты тағылымы терең, мазмұны бай рухани-танымдық шара өтті. Ұлттың
батырлық рухын дәріптеп, ел қорғаған ерлердің өнегелі жолын кейінгі ұрпаққа
үлгі етуге бағытталған құндылық кең көлемде
ұйымдастырылды.
Салтанатты жиын
алдымен университет аумағындағы «Ерлікке тағзым» ескерткіш белгіге
гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Әскери тәртіппен сап түзеген курсанттар
батыр рухына тағзым етіп, кейін Кеңес Одағының батыры, Қазақ
КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Мәлік Ғабдуллинге
арналған ескерткіш-тақтаға гүл шоқтарын қойды. Шараға
университет басшылығы, Ардагерлер кеңесінің мүшелері және 50-ге жуық ардагер
қатысып, тағылымды сәттің куәсі болды.
Гүл қою рәсімінен
кейін оқу ордасында ардагерлерге арнайы дастархан жайылып, оларға құрмет
көрсетілді. Жиынды университеттің Басқарма төрағасы-Ректоры
Болат Тілеп ашып, жиналған қауымға жүрекжарды лебізін жеткізді.
– Құрметті аға
буын өкілдері, ардақты ұстаздар! Сіздермен жүздесу – біз үшін үлкен мәртебе.
«Ақсақалы бар ауылдың бірлігі бекем, ғалымы бар елдің тірлігі көркем» деп бекер
айтылмаған. Сіздер – еліміздің ғылымы мен білімінің іргетасын қалаған, бар саналы
ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған тұлғасыздар. Университетіміздің
бүгінгі жетістіктері – сіздердің ерен еңбектеріңіздің заңды жалғасы. Біздің оқу
орнынан 8 Кеңес Одағының Батыры шыққан. Осы ретте баршаңызға шынайы алғысымды
білдіремін. Сіздердің еңбектеріңіз – кейінгі буынға үлгі, – деді ректор.
Жиын барысында
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Берікжан Айтқұлұлы мен Медеу аудандық ардагерлер
кеңесінің төрағасы Алмас Төлеубаев та сөз сөйледі. Алмас Төлеубаев өз сөзінде
Медеу ауданында 31 мыңға жуық ардагер бар екенін атап өтіп, олардың басым
бөлігі Абай университетінен екенін жеткізді.
Шара соңында
университетте ұзақ жылдар қызмет атқарған ардагерлер ректордың Алғыс хаттарымен
марапатталып, арнайы сый-сияпаттарға ие болды. Бұл – олардың көпжылдық еңбегіне
көрсетілген лайықты құрмет еді.
Айта кету керек,
тағылымды іс-шара аясында Мәлік Ғабдуллиннің мәңгілік тыныс тапқан жері – «Кеңсай-1»
зираты аумағында да тазалық жұмыстары жүргізілді. Студенттер мен оқытушылар
зират маңын ретке келтіріп, батыр рухына құран бағыштады. Бұл игі іс «Таза
Қазақстан»
акциясы аясында ұйымдастырылып, жастардың елге, тарихқа деген құрметін
арттыруға бағытталған маңызды бастама ретінде ерекше мәнге ие болды.
«Abai University»
медиа орталығы