04.05.2026
ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БІЛІМ БӘСЕКЕСІНДЕ ҮЗДІКТЕР АНЫҚТАЛДЫ
Абай университеті базасында «Жаратылыстану және география» факультетінің ұйымдастыруымен «6В051 – Қоршаған орта» білім беру бағдарламасы бойынша студенттер арасында XVIII республикалық пәндік олимпиада өтті. Ауқымды білім додасында еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды жастар бас қосып, ғылым мен білім тоғысқан ортада бақ сынасты.
Олимпиадаға Қазақстанның 20 жоғары оқу орнынан 26 команда қатысып, өзара бақ сынасты. Қатысушылар тек теориялық білімдерімен ғана емес, ғылыми-зерттеу қабілеттері, креативті ойлау дағдылары және экологиялық мәселелерге деген жауапкершілік көзқарастарымен ерекшеленді.
Білім сайысы бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы екі кезеңде қатысушылар «Таза Қазақстан» бағдарламасын қатыстыра отырып, шығармашылық таныстырылым ұсынды, түрлі бағытта өз идеяларын бейнероликтер арқылы жеткізді. Бұл бөлімде студенттердің заманауи технологияларды меңгеруі, экологиялық тақырыптарды креативті тұрғыда аша білуі бағаланды. Сонымен қатар теориялық тест тапсырмалары арқылы олардың кәсіби білім деңгейі, логикалық ойлау қабілеті және пәнді меңгеру сапасы сараланды.
Үшінші кезеңде командалар ғылыми жобаларын қорғап, нақты экологиялық мәселелерді тиімді шешу жолдарын таныстырды. Қорғау барысында қатысушылар қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында тың ұсыныстарымен көзге түсті. Аталған кезең студенттердің ғылыми ізденісі мен практикалық ойлау қабілетін айқындаған маңызды бөлім болды.
Олимпиада тек біліммен шектелмей, қатысушылар үшін мәдени-танымдық мазмұнмен де толықты. Атап айтқанда, студенттерге Медеу шатқалы аймағына экскурсия ұйымдастырылып, олар табиғат аясында еркін пікір алмасып, өзара тәжірибе бөлісті. Бұл өз кезегінде жастар арасындағы достық пен әріптестік байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.
Білім бәйгесінің әділ бағалануына тәжірибелі практик мамандар қазылық жасады. Сайыс қорытындысы бойынша үздік нәтижелер анықталып, бас жүлдені Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің командасы иеленді. Екінші орынды Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттері бөлісті. Ал үшінші орын Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, Нархоз университеті және Абай атындағы ҚазҰПУ командаларына бұйырды.
Мемлекет басшысының идеясымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасының тұсында биылғы республикалық пәндік олимпиаданың маңызы өте жоғары өткені байқалды. Сондықтан, бұл білім бәйгесінің еліміздегі экологиялық мәселелерді шешуге қабілетті жаңа буында қалыптастырудағы бәсі жоғары болғаны анық.
«Abai University» медиа орталығы