ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК – САПАЛЫ БІЛІМ КЕПІЛІ

23 сәуір мен 3 мамыр аралығында Абай университетіне Тироль педагогикалық университетінің (Инсбрук, Австрия) ғалымдары арнайы іс-сапармен келді. Олар Педагогика және психология факультетінде мазмұнды дәрістер, ғылыми семинарлар мен тәжірибелік шеберлік сағатын өткізді.

Бұл іс-сапар университеттің халықаралық ынтымақтастықты дамыту аясында ұйымдастырылып, білім беру үдерісін жетілдіруге бағытталды. Шетелдік ғалымдар педагогика, бастауыш білім беру және арнайы педагогика салалары бойынша мазмұнды дәрістер, ғылыми семинарлар, тәжірибелік шеберлік сабақтары және қолданбалы воркшоптар өткізді.

Австриялық делегацияны Педагогика және психология факультет деканының міндетін атқарушы Гүлмира Ниетбаева және Бастауыш білім беру кафедрасының меңгерушісі Азия Жұмабаева қарсы алып, сапар бағдарламасының мазмұнымен таныстырды. Іс-шараларға кафедра оқытушылары, магистранттар мен докторанттар, сондай-ақ «Бизнес-инновациялармен бастауыш білім беру» және «Көптілді бастауыш білім беру» білім беру бағдарламаларының студенттері қатысты.

Халықаралық сарапшылар Австрияның білім беру жүйесіндегі заманауи үрдістермен, инновациялық оқыту әдістемелерімен және білім алушылардың шығармашылық әрі сыни ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған озық тәжірибелермен таныстырды. Бағдарлама аясында The Austrian Education System дәріс-семинары, Basic Democratic Education in Elementary School within the Framework of Class Conferences семинары және The use of digital devices (iPads) in Elementary Schools тақырыбындағы шеберлік сабағы өтті. Сонымен қатар Metall kreativ воркшопы, Good School моделіне бағытталған симуляциялық ойыны және PERMA-teach-program: Empowering children and youth бағдарламасының таныстырылымы ұйымдастырылды.

Шетелдік мамандар NGS мектебі базасында болып, Бастауыш білім беру кафедрасы студенттерінің дуалды оқыту жүйесі аясындағы тәжірибесімен танысты. Кездесу барысында болашақ педагогтарды даярлау ерекшеліктері мен Қазақстандағы білім беру жүйесінің өзекті бағыттары талқыланды.

Аталған сапар халықаралық тәжірибе алмасудың тиімді алаңы ретінде кәсіби диалогты дамытуға, педагогикалық инновацияларды енгізуге және академиялық байланыстарды нығайтуға тың серпін берді. Алдағы уақытта Абай университеті халықаралық әріптестікті кеңейтіп, білім беру сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде жалғастырады.

Айта кетейік, 2025-2026 оқу жылында университетке 66 жетекші шетелдік ғалымның іс-сапары ұйымдастырылды. Мамандар әлемнің 12 елінен арнайы келген. Олардың ішінде Өзбекстаннан 25 ғалым, Франциядан – 16, Қытайдан (Гонконгты қоса алғанда) – 7, Ресейден 5 сарапшы бар. Сондай-ақ АҚШ-тан 3 сарапшы, Германиядан 3 ғалым, Эстониядан 2 маман университетке табан тіреген. Ал Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Үндістан, Жапония, Италия, Түркия, Польша және Нигерия мемлекетінің өкілдері де қара шаңыраққа арнайы ат басын бұрды.

Бұл көрсеткіш – университеттің халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы жүйелі жұмысын және білім беру мен ғылым саласындағы жаһандық ықпалдастыққа бағытталған стратегиялық ұстанымын айқын көрсетеді.

«Abai University» медиа орталығы